Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығына – 30 жыл
Астанада Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Қорғаныс министрлігінің Қару-жарақты бақылау және инспекциялауды қамтамасыз ету орталығы 30 жылдығын атап өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты шараға Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымының Астанадағы бағдарламалар офисі басшысының міндетін уақытша атқарушы Юрий Фенопетов, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесінің әскери-саяси өлшемдер жөніндегі сарапшысы – Елші Дулат Қуанышев, елімізде тіркелген әскери-дипломатиялық корпус өкілдері, орталықтың жеке құрамы және Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.
1995 жылы Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің қаулысымен құрылған орталық алғашқы күннен стратегиялық және әдеттегі қару-жарақты шектеу мен қысқарту, қару-жарақты бақылау, қауіпсіздік пен сенім шараларын нығайту шеңберіндегі халықаралық шарттар мен келісімдер аясындағы міндеттемелерді орындау жөніндегі жұмысты үйлестіріп келеді. Бөлімше сондай-ақ, Қазақстан аумағындағы шетелдік инспекциялық топтардың қызметін қамтамасыз етумен айналысады, бірқатар халықаралық шарттар мен келісімдерге қатысушы елдерде инспекциялар жүргізеді.
Орталық ұжымы мен іс-шараға қатысушыларды мерейтоймен құттықтаған Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев қару-жарақты бақылау шеңберінде еліміздің халықаралық міндеттемелерді сенімді орындап келе жатқанына тоқталып өтті.
– Осы жылдар ішінде Орталық Қазақстан Республикасының аумағында 150-ден астам, одан тыс жерлерде 80-нен астам шетелдік инспекциялар жүргізуді қамтамасыз етті, – деді ол. – Бүгінде орталықтың жоғары кадрлық әлеуеті зор құрметке ие. Ұжым нағыз кәсіпқойлар мектебіне айналды. Мұнда кез келген халықаралық ортада сауатты келіссөздер жүргізіп, аналитикалық жұмыстармен айналысуға және қысқа мерзімде күрделі мәселелерді шешуге қабілетті кадрлар тәрбиеленіп шықты.
Мерекелік жиында орталықтың әскери қызметшілерін марапаттау рәсімі өтті. Қорғаныс министрінің бұйрығымен полковник Нұржан Смағұлов «Ел қорғаны» медалімен, капитан Мұрат Смағұлов «Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. Майор Дәурен Сәдуақасовқа подполковник әскери атағы мерзімінен бұрын берілді.
Мерекелі шара Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өнерпаздарының концертімен аяқталды.