Алматы – инвестиция, туризм және электрондық сауда бойынша көшбасшы қала

1683
Фотосурет: UKIMET

Олжас Бектенов Алматының әлеуметтік-экономикалық дамуымен, қонақ үй бизнесі және электронды коммерция инфрақұрылымымен танысты, деп хабарлайды DKnews.kz.

Премьер-министр Олжас Бектеновке Алматыға жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы және қала дамуының негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндалды. Сондай-ақ инвестиция тарту және жаңа жұмыс орындарын ашуда болашағы зор бағыттардың бірі ретінде электронды коммерция мен туризмді дамытуға назар аударылды. 

Жұмыс сапары барысында Премьер-министр осы жылдың І тоқсанындағы негізгі көрсеткіштер бойынша ақпарат тыңдады. Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров қысқамерзімді экономикалық индикаторды 9,1%-ға дейін жеделдету туралы баяндады. Экономика өсімінің негізгі драйверлері – көлік (+23,9%), құрылыс (+21,3%) және өңдеу өнеркәсібі (+17,6%) сияқты салалар. Биылғы сәуір айында Алматыда 57,9% индексімен республикадағы ең жоғары іскерлік белсенділік тіркелді. Экономиканың қарқынды дамуы жергілікті бюджет кірістерінің 14,6%-ға өсуін қамтамасыз етті. Қала инвестиция көлемі бойынша республикада жетекші орынға ие. Осы жылдың 4 айында негізгі капиталға 541,3 млрд теңге инвестиция тартылып, 35,6% өсті.

Шағын және орта бизнес қала экономикасында маңызды рөл атқарады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жалпы өңірлік өнімдегі ШОБ үлесі 60,3%-ға дейін артты. Сектор қаладағы жұмыспен қамтылғандар санының 90%-ын немесе 972,1 мың адамды жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар Алматыда электронды коммерцияның кеңінен дамуы кәсіпкерлерге жаңа нарықтарға шығуға және өнімдер мен қызметтерді тиімді сатуға қосымша мүмкіндіктер ашады. Бүгінде қаланың үлесіне еліміздегі тауарлардың электронды бөлшек саудасы көлемінің 95,2%-ы және қызметтердің электронды саудасының 93,2%-ы тиесілі.  

Алматыда тұңғыш «Magnum E-commerce Kazakhstan» ЖШС мамандандырылған Dark Store форматындағы заманауи қоймасына барған Олжас Бектенов ритейл саласындағы жаңа инфрақұрылыммен танысты. Хаб логистиканы жеделдетеді, тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыра отырып, тәулігіне 18 мыңға дейін тапсырысты тиімді өңдеуге қабілетті.

Инвестициялық жобаға 13 млрд теңге салынды, 800 жұмыс орны ашылды. Жалпы, өткен жылы еліміздегі электронды сауда көлемі соңғы 5 жылда 5 есеге өсіп, 3,2 трлн теңгеге жетті. е-commerce үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінің 16,6%-ын құрады.

Премьер-министр тұтынудың, логистика мен сауданың заманауи моделін қалыптастырудың маңыздылығын атап өтті. 2017 жылдан бері көлеңкелі экономиканың 7,5%-ға қысқаруы маңызды нәтиже болып отыр. Үкімет сауда мен транзитті белсенді дамыту үшін инфрақұрылым құруда барынша қажетті қолдау көрсетеді. Отандық өндірушілерді қолдауға баса назар аударылуда. Әкімдік пен Сауда министрлігіне ритейлер мен қазақстандық компаниялардың ынтымақтастығын құру тапсырылды. 

Kaspi.kz инновациялық қазақстандық компаниясының басшысы және тең құрылтайшысы Михаил Ломтадзе 2025 жылдың өзінде Kaspi.kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті арқылы 800 мыңнан астам қазақстандық 5,3 млн жылдам жеткізу онлайн тапсырысын бергенін айтты. Сатылымдардың 50%-дан астамы отандық өнім. Сонымен қатар 4,5 мың жұмыс орны құрылған. Kaspi.kz платформасындағы Magnum онлайн супермаркеті мемлекет бюджетіне 5 млрд теңге көлемінде салық аударған, оның жартысы немесе шамамен 2,4 млрд теңгесі 2024 жылы төленген.

Алматы Қазақстандағы туризмді дамытудың негізгі орталығы. Салаға биыл 1,5 есе өсіммен 40,2 млрд теңге инвестиция тартылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша демалушылар ағыны 2,5 млн адам деңгейінде болжанады (2024 жылы 2,3 млн-нан астам). Жыл сайынғы динамиканы ескере отырып, қонақ үйлерге жүктеме артып келеді. Сұраныстың ең жоғары кезеңінде қолданыстағы қонақүйлердің толу деңгейі 90%-дан асады. Осыған байланысты тиісті инфрақұрылымды құру маңызды болып саналады. 

Олжас Бектенов туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған қонақ үй қорын кеңейту жоспарларымен танысты. Атап айтқанда, мысал ретінде «Renion City Hotel» жұмысы көрсетілді және «Hilton Park Almaty 5*», «Hilton Garden Inn 4*», «Radisson Hotel & Residences Almaty 4*» және «The Veil» жаңа қонақ үйлерінің құрылыс жобалары зерттелді. 2027 жылға қарай бөлмелер санын 1,5 есеге арттыру жоспары жасалды. Осылайша, туристер ағынын реттеу, жаңа жұмыс орындарын ашу бойынша оң нәтижеге қол жеткізіледі, бұл жалпы қала экономикасын әртараптандыруға қосымша серпін береді.

Премьер-министр әкімдік пен мемлекеттік органдарға нысандарды уақтылы пайдалануға беру үшін қажетті қолдау шараларын көрсетуді тапсырды. Сонымен қатар инвесторларға туризм саласындағы әлемдік стандарттарға жергілікті мамандарды тарту және оқыту бойынша талаптар қойылды. 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -