Алматыдағы салтанатты соңғы қоңырау: алғыс, марапат және үмітке толы сәттер

1936
Фотосурет: Алматы қаласы Білім басқармасының баспасөз қызметі

Алматыда түлектерге арналған салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Алматы қаласындағы жалпы білім беретін мектептерде түлектерге арналған «Мектебім, саған мың алғыс» атты салтанатты іс- шара өтті. Бүгін қалада 18 мыңнан астам 11 сынып оқушысы мектеппен қоштасуда. 

Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Сайран Сайфеденұлы жиын барысында барша ұстаздар мен ата-аналарға алғысын білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі.

«Ұстаздарымызға – адал еңбегі үшін, ата-аналарға – бірлесе атқарған жұмыс үшін, ал сіздерге, ардақты түлектер, – білімге деген құштарлық пен ізденіс танытқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Арман қуып, алға ұмтылыңыздар. Мектеп қабырғасында жинаған білім мен көрген тәрбие өмірлік жолдарыңызда шамшырақ болсын. Қашанда өздеріңізге сеніңіздер. Хакім Абай айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Еңбек пен ақыл — әрдайым серік болғай» Сайран Сайфеденов

Алматы мектептерінің түлектері биыл да білім бәйгесінде оза шауып, ел намысын абыроймен қорғады. Қалалық құрама жалпы білім пәндері бойынша республикалық олимпиадада топ жарып, 66 медаль мен Гран-приге ие болды.

Ұстаздар қауымы да биыл жоғары жетістіктерге жетті. Жыл басынан бері мектептерге 1 000-нан астам жас маман жұмысқа қабылданып, жалпы мұғалімдер саны 27 мыңнан асты. «Алматы ұстазы» байқауының жеңімпаздары шетелде тағылымдамадан өтті, Гран-при иегері қала әкімінің атынан 5 миллион теңге көлемінде грантқа ие болды.

Сондай-ақ, алматылық мұғалімдер республикалық деңгейде өткен оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылық байқауларында да жүлделі орындарға ие болды.

Жалпы 2024–2025 оқу жылында Алматыда 349 465 оқушы оқу жылын аяқтады. Оның ішінде 18 мыңнан астамы – 11-сынып, 33 753-і – 9-сынып оқушысы. Биыл 1 764 түлек мектепті үздік бітірсе, 670 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға 11-сыныптың 92,1 пайызы, яғни – 17 522 оқушы өтінім білдірген.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -