Астана қаласындағы Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде күрес түрлерінен дәстүрлі Қазақстан кубогы өтіп жатыр, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алғашқы жарыс күнінде еркін күрестен 57, 65, 86, 97, 125 келі салмақта іріктеу кезеңі мен жартылай финалы өтті.
Сондай-ақ, доданың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов қатысты.
«Күрес бір орында тұрмайды. Жастарымыз өсіп келеді. Олардың тоқтамай дамуы үшін, үнемі жарыстарға қатысуы маңызды. Белгілі бір себептермен әлем чемпиондары Ризабек Айтмұхан, Нұрқожа Қайпанов, әлем чемпионатының бірнеше мәрте жүлдегері Жәмила Бақбергенова қатысқан жоқ. Қалған мықты балуандардың барлығы бар. 20 өңірден 900-ден астам спортшы бас қосты. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады» күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов
Күрес түрлерінен республикалық бәсекелер бұған дейін Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы, «Барыс» мұз сарайында өткізіліп келсе, осы жолы алғаш рет Qazaqstan жеңіл атлетика спорт кешенінде ұйымдастыруды жөн көрді.
Айта кетейік, Қазақстан кубогы 29 мамырда мәресіне жетеді.