Мәжіліс депутаттары Щучинск қаласындағы әскери колледжде көшпелі отырыс өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледжде Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің депутаттары болды.
Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев кіші командалық құрамның мамандарын даярлаудың қолданыстағы жүйесі, бейінді комитет мүшелерін кадеттерді іріктеу тәртібі жайынан хабардар етті.
Заң шығарушы билік өкілдері оқу орнының инфрақұрылымымен, оның материалдық-техникалық базасымен, кадеттер мен мерзімді қызмет сарбаздарының тұратын жерімен, тамақтану және медициналық көмек көрсету шарттарымен танысты. Олар казармаға, асханаға, спортзалға барып, медициналық кабинеттің қалай жабдықталғанын көрді.
Депутаттар әскери бейіндегі мамандардың беделін арттыру жөніндегі пікірлерін айтты, сонымен қатар кәсіптік бағдар беру жұмысын күшейтуді ұсынды. Мәжіліс депутаты Айдос Сарым колледжге негізінен оңтүстік облыстардан келген жастар түсетініне назар аударды. Оның пікірінше, мотивациялық факторлардың бірі білім алушыға азаматтық өмірде де пайдалы болатын мамандық алу мүмкіндігі болуы керек. Ол барлық аймақтардағы мектептерде колледж түлектеріне арналған преференциялар туралы ақпараттандыру жұмыстарын өрбітуді ұсынды.
Сапар барысында депутаттарға колледж тәрбиеленушілерінің мәдени бос уақытын, әскери-патриоттық тәрбиесін және спортпен шұғылдануын ұйымдастыру жайы да айтылды. Қонақтар мұражайға, оқу орнының кітапханасына және спортзалға барды.
Іс-шара соңында депутаттар әскери колледждің жеке құрамымен кездесті. Мәжілісмендер әскери білім мен әскери қызметке қатысты заңнаманың ережелеріне түсініктеме беріп, оны жетілдіру жөніндегі көзқарасымен бөлісті.