Мемлекеттік сатып алу саласындағы жаңа ережелер мен тыйымдар: кімдер қатыса алмайды

2398
Фотосурет: Ulysmedia

Агенттік мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды болдырмау мақсатында алдын алу шараларына ерекше назар аударылады, деп хабарлайды DKnews.kz.

Маңызды бағыттардың бірі сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алулардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторингі болып табылады.

Ағымдағы жылдың 5 айында 29 млрд теңгеге осындай фактілер анықталды, оның 6,4 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды. Қалған соманы (22,6 млрд теңге) тапсырыс берушілер қайта қарап, олар бойынша жоспарлы бағалар төмендеді немесе сатып алынатын тауарлар көлемі ұлғайды (2024 жылы 55 млрд теңгеге артық өсім анықталды, оның ішінде 26 млрд теңгесі бюджетке қайтарылды, 29 млрд теңгеге сатып алу қайта қаралды).

Жалпы, жобаны іске асыру басталғаннан бері (2019 ж.) 224,7 млрд теңге бюджет қаражатын негізсіз пайдалануға жол берілмеді.

Алдын алу әсерін күшейту барысында осы саладағы бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыс жандандырылды (Антикормен мониторинг барысында анықталған бұзушылық белгілері бар барлық фактілер ішкі мемлекеттік аудит органдарына әкімшілік хаттама жасау үшін беріледі). 

Оң тәжірибе жинақталды. Егер 2024 жылы Агенттік департаменттері небәрі 22 бұзушылықты анықтаған болса, онда ағымдағы жылдың өткен кезеңінде 95 заң бұзушылық анықталды.

Сонымен қатар заңнаманы жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Агенттіктің бірқатар ұсынымдары «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заңда іске асырылды (01.01.2025 ж. бастап күшіне енді). 

Мәселен, «ҚБП» форматында қағаз түрінде сатып алу алынып тасталды (құқықтық тәртіп пен Ұлттық қауіпсіздік қажеттіліктерін қоспағанда), зияткерлік меншік объектілерін сатып алу бойынша шектеулер енгізілді (оларды сатып алуға монополияға қарсы органның осындай тауарлар мен қызметтерді өндірушілердің жоқтығы туралы қорытындысы болған кезде ғана жол беріледі), сыбайлас жемқорлық үшін сотталған адамдардың сатып алуға қатысуға тыйым салу белгіленді.

Агенттіктің бастамасы бойынша квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алуды жүзеге асыру тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін баптың ведомстволық бағыныстылығы айқындалды (бұған дейін ӘҚБтК-нің 207-1-бабы бойынша орган айқындалмаған болатын, осыған байланысты норма жұмыс істемеген, қазір уәкілетті орган ретінде Қаржы министрлігін айқындаған). 

Мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Жүргізілген талдаулар шеңберінде, оның ішінде азаматтардың өтініштері бойынша осы бағыттағы алдын алу шаралары бойынша жаңа ұсыныстар әзірленуде.

Оларды кезең-кезеңімен іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 6 наурызында Қаржы министрлігімен 2025 жылға арналған мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі бірлескен Жол картасы бекітілді. 

Құжатта 26 нақты іс-шара бар. 

Жол картасы шеңберінде мемлекеттік сатып алу порталын мемлекеттік органдардың дерекқорларымен интеграциялау, сондай-ақ оның функционалын жетілдіру (картельдік сөз байласуды анықтау, қосалқы мердігерлерге жалпы жұмыс көлемінің 30%-дан астамын беруді болдырмау, жасанды интеллект енгізу және т.б.) көзделген.

Төтенше жағдайлар кезінде бір көзден сатып алу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою, сатып алуды негізсіз жою мүмкіндігін болдырмау (оның ішінде уәкілетті және сот органдарының актілері болмаған кезде), сондай-ақ жүйелі бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту (оның ішінде оларды сыбайлас жемқорлық әкімшілік құқық бұзушылықтарға жатқызу жолымен) жөніндегі нормативтік сипаттағы іс-шаралар жоспарланған.

Мәселелердің жеке блогы орындалған шарттар бойынша тапсырыс берушілердің уақтылы төлемеуінің жүйелік проблемасын шешумен байланысты. Мұнда «Мемлекеттік жоспарлау» АЖ-ны мемлекеттік сатып алу порталымен интеграциялау, орындалған шарттар бойынша төлем процесін автоматтандыру (адамның қатысуынсыз), сондай-ақ жосықсыз тапсырыс берушілердің тізілімін әзірлеу көзделген.

Рейтингтік-балдық жүйесі бар конкурстарда жұмыс тәжірибесін растау процесін толық автоматтандыруға бағытталған іс-шаралар («адам факторын» жою; мемлекеттік органдар базаларымен жұмыс тәжірибесінің тізілімін интеграциялау; жұмыс тәжірибесін мерзімді қайта растауды енгізу; өнім берушіні іріктеудің бірыңғай талаптарын белгілеу және т.б.) жоспарланған.

Бұдан басқа, тамақтандыруды қамтамасыз ету саласында сатып алуды жетілдіру бойынша шаралар көзделген (жұмыскерлердің бизнестің нақты субъектісінде жұмыс фактісін растау жөніндегі тетіктерді енгізу, оның ішінде ЭЦҚ арқылы; «HR Enbek» АЖ-ны әртүрлі тамақтандыру ұйымдары мен өңірлерде сол тұлғаларды бекіту мүмкіндігін болдырмау мақсатында мемлекеттік сатып алу порталымен модификациялау және интеграциялау).

Бірқатар іс-шаралар халықаралық ұйымдардың (ЭЫДҰ, ГРЕКО) жария сатып алу саласындағы ұсынымдарын орындаумен де байланысты.

Жол картасын толыққанды іске асыру мемлекеттік сатып алу саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. 

Бұл мәселе Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ерекше бақылауында.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -