Алматыда Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовты еске алуға арналған бокстан халықаралық турнир басталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қорғаныс министрлігі спорт комитеті – Армия орталық спорт клубының базасында ұйымдастырылған жарыс Кеңес Одағының Батыры, №1 Халық қаһарманы, Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың 101 жылдығына арналған.
Турнирдің салтанатты ашылуына бокстан Олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, ҚР Қарулы күштерінің ардагерлері қатысты.
"Даңқты батырдың құрметіне арналған дәстүрлі турнир биыл 28-ші рет өткізіліп отыр. Сағадат Қожахметұлы еліміздің Қарулы күштерінің құрылуының басында тұрған тұлға. Ол бар саналы ғұмырын Отанға қызмет етуге арнады. Біз үшін ол батылдықтың, жанқиярлық қызметтің және әскери борышқа адалдықтың үлгісі" Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов
Жарысқа Қазақстан, Армения, Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Өзбекстан және Ираннан келген 10 команда құрамында 200-ден астам спортшы қатысып жатыр. БАӘ мен Иранның бақылаушылары да бар. Боксшылардың өнері 13 салмақ дәрежесі бойынша бағаланады.
Бұған дейін бұл турнирді көптеген атақты былғары қолғап шеберлері Серік Сәпиев, Геннадий Головкин, Василий Жиров, Данияр Елеусінов, Бақтияр Артаев, Жәнібек Әлімханұлы және Біржан Жақыпов жеңіп алған болатын. Биылдан бастап турнир чемпиондарына спорт шебері атағы берілетінін айта кету керек. Жарыс 30 мамырға дейін жалғасады.