2025 жылғы 28 мамырда қазақстандық лоукостер FlyArystan Астана – Газипаша бағыты бойынша алғашқы чартерлік рейсті орындады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Қазақстан астанасынан Түркияның Анталья провинциясындағы танымал қала – Газипашаға қатынайтын рейстер 2025 жылдың 29 тамызына дейін апта сайын сәрсенбі және жұма күндері орындалады.
Газипаша әуежайы – Түркияның шығыс жағалауына саяхаттайтын туристер үшін Анталья халықаралық әуежайына ыңғайлы балама. Бұл әуежай арқылы Аланья, Махмутлар, Кестель, Оба, Авсаллар және Конаклы сияқты танымал курорттарға жету уақыты айтарлықтай қысқарады. Сонымен қатар, бұл бағыт арқылы Сиде мен Белек сынды әйгілі курорттарға да жетуге болады.
Әуебилет құнына 5 кг қолжүгi, 15 кг тіркелетін жолжүгі және борттағы ыстық тағам кіреді. Билеттер мен турлар туралы толығырақ ақпаратты өз қалаңыздағы туристік агенттіктерден алуға болады.