29 мамыр – Біріккен Ұлттар Ұйымының Халықаралық бітімгершілер күні. Бұл күн – бүкіл әлем бойынша бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген «көк дулығалы» бітімгерлердің еңбегін құрметтеуге арналған.
Дәл осы күні, 1948 жылы БҰҰ Таяу Шығыста алғашқы бітімгершілік операциясын іске қосты, деп хабарлайды DKnews.kz.
Осы уақыт ішінде 77 жыл өтті, бұл аралықта БҰҰ 71 бітімгершілік миссиясын жүзеге асырды. Оларға 150 елден 2 миллионнан астам бітімгер қатысты. Қазіргі таңда 121 елден келген 80 мыңнан астам әскери қызметкер 12 белсенді БҰҰ миссиясында қызмет атқаруда.
Қазақстанның БҰҰ-мен бітімгершілік бағыттағы ынтымақтастығы 2014 жылы басталды. Сол кезде еліміз алғаш рет әскери қызметшіні Батыс Сахарадағы миссияға әскери бақылаушы ретінде жіберді.
Содан бері Қазақстан бұл саладағы қатысуын тұрақты түрде кеңейтіп келеді. Бүгінде 158 қазақстандық бітімгер БҰҰ-ның 6 миссиясында қызмет атқаруда. Атап өтерлік жайт – 2024 жылғы наурыз айында еліміз алғаш рет 139 әскери қызметшіден тұратын ұлттық бітімгершілік контингентті Голан жоталарындағы БҰҰ миссиясына жіберді.
Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгершілік операцияларға қатысуы – жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау ісіне қосқан нақты үлесі. Бұл қадамдар еліміздің халықаралық беделін арттырып, Қазақстанды жаһандық қауымдастықтың жауапты және белсенді мүшесі ретінде көрсетеді.
Халықаралық бітімгершілер күні – бейбітшілік үшін өмірін қауіпке тігіп жүрген ерлер мен әйелдерге алғыс білдіретін маңызды күн. Қазақстан осындай ізгі істердің бір бөлігі болуға мақтанышпен қарайды және бейбітшілік, гуманизм мен жаһандық ынтымақтастық құндылықтарына адалдығын тағы бір мәрте дәлелдейді.