Орал қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5517 әскери бөлімінде қызметін мінсіз атқарған сарбаздарға арнайы білім гранттары табысталды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл гранттар елдің жетекші жоғары оқу орындарында тегін білім алуға мүмкіндік береді. Әскери бөлім басшылығының айтуынша, гранттар жауынгерлік, тәртіптік және оқу дайындығында үздік нәтиже көрсеткен сарбаздарға беріліп отыр.
Әр сарбаздың жетістігі күнделікті бақылауға алынып, арнайы журналдарда тіркеледі. Жүйелі түрде жүргізілетін рейтинг нәтижесі электрондық форматта сарапталып, шешім әділ түрде қабылданады.
"Грант иегерлері — азаматтық борышын абыроймен өтеп, әскери дайындықта жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген жастар. Биыл осындай мүмкіндікке 21 сарбаз ие болды. Олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден өтпестен-ақ еліміздің беделді университеттеріне түсе алады" бөлім командирінің орынбасары Дәурен Рахымбеков
Білім грантына ие болған сарбаздардың бірі — Ғалымжан Көшер. Ол “Срочник.02” бағдарламасы арқылы өз армандаған оқу орнына түсу мүмкіндігіне ие болғанын айтады.
"Ұлттық ұланда қызмет ете жүріп, өз болашағыма нақты қадам жасадым. Бұл мүмкіндік үшін командирлеріме зор алғыс білдіремін. Мен енді “Astana IT University” университетінің студенті болуды мақсат етіп отырмын" Ғалымжан Көшер
Бастама жастардың әскери қызметке қызығушылығын арттырып қана қоймай, олардың білім мен болашаққа деген сенімін нығайтуға бағытталған.