Қазақстандық лоукостер FlyArystan өз әуе паркінің кеңейгені туралы хабарлайды: компанияға 27-ші әуе кемесі – заманауи және экологиялық таза Airbus A320neo ұшағы қосылды.
Бұл ұшақ 2025 жылғы маусымда алғашқы рейстерін орындауды бастайды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Жаңа әуе кемесі 188 жолаушыға арналған және Плеяда жұлдыз шоғырындағы жарық жұлдыздардың бірі – Атлас атауын алды. Бұл атау сенімділік, қуат пен биікке ұмтылысты бейнелейді. Плеяда жұлдыздары, оның ішінде Атлас ежелден астрономия мен теңізде бағыт бағдар беруші ретінде танылған. Сонымен қатар, «Атлас» – саяхат пен картаның әмбебап символы, сол арқылы FlyArystan-ның Қазақстан мен шет елдер арасындағы жаңа бағыттарды ашып, қалалар мен адамдарды байланыстыру басты мақсатын айқын жеткізеді.
«Жаңа ұшақпен флотымызды толықтыру – FlyArystan-ның тұрақты даму стратегиясындағы маңызды қадам. Басты мақсаттарымыздың бірі – жолаушылар үшін ұшуларды қолжетімді әрі ыңғайлы ету. Бұл, әсіресе, жазғы маусым қарсаңында өте өзекті, себебі ұшуға сұраныс айтарлықтай артады. 2025 жылдың жаз маусымында FlyArystan ішкі рейстер санын арттырып, Қазақстан ішіндегі маусымдық бағыттарды қайта іске қосады. Сонымен қатар, біз халықаралық маршруттарымызды кезең-кезеңімен кеңейтуді жалғастырып, жаңа сапарлар бағыттарын ұсынамыз» FlyArystan» АҚ президенті, Ричард Леджер
Осы жазда FlyArystan жаңа халықаралық және чартерлік рейстерді іске қосады. Жаңа бағыттар қатарында:
- Қарағанды – Ыстамбұл
- Алматы – Инин
- Астана – Газипаша
- Алматы – Тамшы (Ыстықкөл)
- Атырау – Ташкент
Қазақстан астанасынан дәстүрге айналған Үрімші, Бішкек, Ташкент және Баку рейстері де жалғасады. Оған қоса, жолаушылар Ақтаудан Ыстамбұл және Бакуге де ұша алады.
Сондай-ақ, FlyArystan жазда грузиялық Кутаисиге Алматы, Астана, Атырау, Ақтау, Шымкент қалаларынан рейстер жиілігін арттырады. Мамырдан қырқүйекке дейінгі аралықта Антальяға Қазақстанның сегіз қаласынан чартерлік бағдарламалар да қайта жанданды.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылы 4,2 миллионнан астам жолаушы FlyArystan қызметтерін пайдаланған болатын. Оның ішінде әр бесінші жолаушы құны 15 000 теңгеге дейін тұратын билетпен сапарлаған.