Мемлекет тірегі – мықты отбасы десек, сол отбасының ұйытқысы, қорғаны – әке. Әскер қатарында жүріп, отбасыға да, Отанға да адал қызмет етіп жүрген ерлеріміз аз емес. Солардың бірі – ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Қаржы басқармасының жоспарлау бөлімінің офицері капитан Бауыржан Сарсенғалиев.
Бауыржан Темірғалиұлы 1986 жылы Жамбыл облысы, Жаңатас қаласында дүниеге келген. Бала кезінен еңбекқор, жауапкершілігі жоғары азамат атанып, мектеп қабырғасында жүріп-ақ спорттың, әсіресе волейбол мен баскетболдың белсенді жанашыры болған. Жастайынан әскери адам болуды армандаған Бауыржан мектеп кезінде алғашқы әскери дайындық сабағына белсенді қатысып, әскери форма киіп, 9 мамырда сапта жүретін. Арманы жетелеп, мектеп бітірген соң Ақтаудағы әскери университетке түседі. Достарының шақыруымен қаржы колледжіне түсіп, кейін Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университетін сәтті тәмамдайды.
Жоғары білім алып болған соң бір жылдық мерзімді әскери борышын өтеуге аттанып, Талдықорған қаласындағы 5514 әскери бөлімде аға маман–пулеметші болып қызмет етеді. Осы бір кезең оның әскери тәртіп пен жауапкершілікті шынайы сезінген уақыты болды.
Әскерден кейін келісімшарт бойынша әскери қызметті жалғастырып, Орал қаласындағы 5517 әскери бөлімге қабылданады. Мұнда ол бөлімше командирі, карауыл бастығы секілді бірнеше лауазымды абыроймен атқарады. Қала ішіндегі қоғамдық тәртіпті күзету кезінде пышақ ұстаған қауіпті адамды ұстағаны үшін марапатқа ие болды.
Кейіннен Ақтау қаласындағы қаржы бөлімінде бухгалтер, одан соң 5517 әскери бөлімнің қаржы басшылығының көмекшісі қызметіне тағайындалып, осы кезеңде лейтенант шенін алады. Кейін 3502 әскери бөліміне қаржы қызметінің бастығы ретінде тағайындалып, екі жыл бойы сеніп тапсырылған міндетті жоғары деңгейде атқарады.
2022–2023 жылдары қайта Оралға ауысып, қызметі жоғарылайды. Ал 2024 жылы Астана қаласына көшіп, ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшылығының Қаржы басқармасына жоспарлау бөлімінің офицері ретінде қабылданады. Қазіргі қыз-
метінде әскери бөлімдердің қаржы жұмысын үйлестіріп, жылдық жоспарлар дайындап, іссапарларда да белсенділік танытып келеді.
«Әскери өмір – өзіме қатты ұнайды. Бір орында отырмайсың, Қазақстанның түрлі қалаларын көріп, тәжірибе жинайсың. Қысқаша айтсам, әскери адам – сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек», – дейді кейіпкеріміз.
Капитан Бауыржан Сарсенғалиев – үлгілі отбасының тірегі, бес бірдей баланың әкесі. Жұбайы Ақмарал Ержанова екеуінің таныстығы да өмірде сирек кездесетін сәттермен басталған. Бір көргеннен жүрекке жол тауып, кейіннен өзара сыйластықпен шаңырақ көтереді. Жұбайы Ақмарал оның әр жетістігіне шын қуанып, қиын сәттерде демеу беретін сенімді серігі. Әскери қызметтің ауыртпалығын жеңілдетіп, моральдық әрі рухани қолдау көрсетіп, күйеуінің алға ұмтылуына үнемі мотивация береді. Бүгінде бақытты отбасының тұғырын биік еткен ерлі-зайыптылар үш қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр.
Ең үлкен қызы – Әсем 18 жаста. Қазір Еуразия университетінде 1-курсты аяқтап жатыр. Ең кенжесі – 1 жарым жастағы Амина. Ұлдары Арлан мен Батырхан, ортаншы қызы Айлина – ата-анасының үмітін ақтап, бір-біріне қамқор бауыр-
лар болып өсіп келеді.
Әскери қызмет жауапкершілікті талап етеді. Бірақ мен үшін отбасы – әрдайым бірінші орында. Балаларымның күлкісі мен жанарындағы сенімділік менің бойыма екі есе қуат береді. Олар – Алланың берген сыйы, – дейді капитан Б.Сәрсенғалиев.
Бауыржан Темірғалиұлы айналасындағыларға тек әскери салада емес, отбасылық өмірде де үлгі бола білген жан. Ол бос уақытын балаларымен өткізіп, табиғат аясында балық аулап, спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған. Ұрпағының бойына бауырмалдық пен жауапкершілік дарыту – оның басты мақсаты.
Кейіпкеріміз көпбалалы әке бүгінде әскери қаржы жоспарлау бөлімінің білікті маманы. Ол ІІМ Ұлттық ұлан жүйесімен жұмыс істеп, жылдық жоспарларды дайындап, бөлімнің нақты әрі уақытылы жұмысын реттейді.
Әскери қызмет пен отбасыны қатар алып жүру – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Бұл тұрғыда капитан Б.Сарсенғалиев үлгілі жан. Болашақта ол полковник шенін алып, әскери мансап жолында жаңа белестерді бағындыруды мақсат тұтады.
Бүгінде ел тыныштығын күзетіп, мемлекеттік қызметтің маңызды буынында еңбек етіп жүрген ұландық – Отан мен отбасының арасындағы тепе-теңдікті сақтай алған нағыз ер азамат. Оның өмірі – адамгершіліктің, жауапкершілік пен жанашырлықтың көрінісі іспетті.
Аяулым Окен