Қазақстандық оқушы 28 елдің қатысушысын артта қалдырып, экономикадан үздік атанды

1584
Фотосурет: Gov

Қазақстандық оқушы Халықаралық экономика олимпиадасында абсолютті чемпион атанды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Астаналық NIS-тің 11-сынып оқушысы Батырхан Мұхтархан Грекияда өткен халықаралық экономика олимпиадасында (EO-2025) абсолютті чемпион атанды.

EO-2025 олимпиадасына әлемнің түкпір-түкпірінен ұлттық іріктеуден өткен 100 мыңнан астам үміткер қатысты. Финалда 28 елден келген 128 мықтылар бақ сынады. Олар экономика мен қаржы саласындағы ең күрделі теориялық және практикалық тапсырмаларды – нақты жағдайларды талдаудан бастап шешімдерді модельдеуге дейін орындады.

Батырхан жалпы есепте бірінші орынды сенімді түрде иеленіп, АҚШ, Канада, Қытай, Нидерланды, Польша, Чехия, Грекия және басқа да елдердің қарсыластарын артта қалдырды.

Айта кетейік, Батырханның қоржынында бірқатар жетістіктер бар: Экономика және қаржы бойынша республикалық олимпиаданың қола жүлдесі, Экономикадан халықаралық олимпиаданың (IEO-2024, Гонконг) қола жүлдесі, IEO-2025 (Әзербайжан) алтын жүлдесі, EFI олимпиадасындағы жеңіс (Нархоз, Қазақстан). Кезекті – жеңісі EO-2025 абсолютті алтыны.

«Мен үшін ең бастысы – жаңа нәрсені үйрену, күрделі тапсырмаларды шешу және өзімді дамыту. Өз жетістіктеріммен замандастарымды шабыттандырғым келеді»  Батырхан Мұхтархан

Батырхан Мұхтархан – жаңа буын зияткерлерінің жарқын өкілі. Оның жетістіктері тек жеке жеңіс қана емес, сонымен қатар Қазақстанның әлемдік білім беру аренасындағы беделін арттырды.

Біз Батырханға жаңа оқу жылында еліміздің игілігі үшін бұдан да биік шыңдарды бағындыруын тілейміз!

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -