Games of the Future 2026: Қазақстан басты фиджитал оқиғаға дайындалып жатыр

5533
Фотосурет: «Болашақ ойындарын» ұйымдастыру және өткізу дирекциясының баспасөз қызметі

«Games of the Future 2026» турнирі Астанада өтеді

Қазақстан фиджитал тұжырымдамасына негізделген халықаралық көпспортты турнир – Games of the Future 2026 («Болашақ ойындары») өткізуге дайындалуда, деп хабарлайды DKnews.kz.

Бұл ірі спорттық іс-шара физикалық және цифрлық өлшемдерді (physical+digital) біріктіретін жарыстарды қамтиды.

Фиджитал спорт бойынша жарыстар 2026 жылдың жазында Астана қаласында өтеді. Бұл туралы Дубайда өткен World Phygital Summit 2025 халықаралық саммитінде Қазақстанда «Болашақ ойындарын» ұйымдастыру және өткізу дирекциясының басшысы  Әлібек Хасенов мәлімдеді.

«Біз 100-ден астам елден қатысушыларды қабылдауды жоспарлап отырмыз және әлемнің түкпір-түкпірінен жанкүйерлердің көптеп келуін күтеміз. Турнир жоғары деңгейде өтетініне сенімдіміз, өйткені еліміз ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруда үлкен тәжірибеге ие» Әлібек Хасенов

«World Phygital Summit 2025» - бұл Phygital International және World Phygital Community (WPC) ұйымдары бірлесе ұйымдастырған халықаралық фиджитал саммит. Биылғы жылы саммит бүкіл әлемдегі фиджитал қауымдастықтың (WPC) өкілдерін, серіктестер мен осы спорт түрін дамыту көшбасшыларын біріктірді. WPC қауымдастығына бүгінде әлемнің шамамен 100 елінен өкілдер кіреді.

Фиджитал спорт белсенді дамып келеді және әлемнің көптеген елдерінде танымалдыққа ие болуда. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі WPC мүшелері фиджитал-дисциплиналар бойынша жергілікті іріктеу турнирлерін өткізеді, олардың жеңімпаздары фиджитал спорттағы ең маңызды турнир – Games of the Future спорт шарасына қатысу мүмкіндігін иеленеді.

Фиджитал спорттың «Болашақ ойындары» (Games of the Future) тұжырымдамасындағы халықаралық мультиспорттық турнир 2024 жылы Қазан қаласында өтті. Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев басқа мемлекет басшыларымен бірге қатысты. Дәл осы шара барысында Мемлекет басшысы турнирді алдағы уақытта Қазақстанда өткізу туралы бастама көтерген еді. 2024 жылғы турнирге 2000-ға жуық спортшы қатысты. Олар бүкіл әлемге танымал бейнеойындармен үйлестірілген 21 инновациялық спорт түрінен бақ сынады. Жалпы жүлде қоры рекордтық 10 миллион долларды құрады. Бұл турнирде қазақстандық фиджитал-спортшылар 13 түрлі дисциплинада өнер көрсетті.

Айта кетейік, «Games of the Future 2025» турнирі 2025 жылдың желтоқсанында Абу-Дабиде өтеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -