Орал қаласындағы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты жиын өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты іс-шараға “Батыс” өңірлік қолбасшылығының басшылық құрамы, әскери бөлімнің жеке құрамы және Ұлттық ұлан ардагерлері қатысты. Жиын Мемлекеттік Тудың салтанатты түрде көтерілуімен және Қазақстан Республикасының Әнұранының орындалуымен басталды.
Шара барысында “Батыс” өңірлік қолбасшысының орынбасары, полковник Мирас Құдайбергенов жиналғандарды мерекемен құттықтап, Мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның символы ғана емес, ұлт рухының темірқазығы екенін атап өтті.
– Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың тарихи жадын, азаттығы мен арман-аңсарын бейнелейтін қасиетті құндылықтар. Әскери антқа адал болу – тек қызметтік парыз емес, ол – Отан алдындағы перзенттік жауапкершілік, – деді өз сөзінде.
Жиын барысында Ұлттық ұлан ардагерлері – запастағы подполковник Бақытжан Бердиев пен майор Марат Абдрахманов та сөз алып, жас сарбаздарға патриоттық тәрбие мен әскери борыштың маңыздылығын айтып, жүрекжарды тілектерін жеткізді.
Салтанатты іс-шарада сарбаздар сап түзеп, үлкен Мемлекеттік Ту мен Елтаңбаны сап ортасына алып шықты. Бұл көрініс қатысушылардың бойында мақтаныш пен құрмет сезімін ұялатты.
Шара соңында әскери бөлімнің жеке құрамы саптық шерумен өтіп салтанатты жиынды қортындылады.