Қытайлық Zowoyoo платформасы Алматыда алғашқы кеңсесін ашты

2266
Фотосурет: t.me/qaztourism

Қазақстан бойынша саяхаттау - Қытай туристері үшін бұрынғыдан да қолжетімді. Туризм саласындағы ҚХР жетекші digital-платформаларының бірі «Zowoyoo» Орталық Азиядағы алғашқы кеңсесін Алматы қаласында ашты. Бұл туралы оңтүстік астанада өткен «Цифрлық Жібек жолы – 2025» халықаралық форумында жарияланды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Форум Қазақстан мен Қытайдың туризм индустриясы өкілдері арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Оған екі елдің жетекші сарапшылары, туроператорлары, қонақ үй бизнесі мен Ctrip, Tongcheng, JD Travel тәрізді ірі технологиялық компанияларының өкілдері қатысты.  

Форум аясында «Kazakh Tourism» мен «Zowoyoo» компаниялары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қазақстанның туристік әлеуетін Қытай нарығында цифрлық форматта дәріптеуге, Қытайдан туристерді белсенді тартуға бағытталған.

Жоспар бойынша тараптар аспан асты еліндегі саяхатшыларға бейімделген заманауи цифрлық экожүйені дамытады. Серіктестік аясында Қазақстанды Қытайдағы Douyin (TikTok-тың баламасы), Xiaohongshu (Little Red Book) тәрізді танымал платформаларда  және басқа медиаарналарда ұсынылуын кеңейту қарастырылған.

«Zowoyoo Қытай қолданушыларының цифрлық мінез-құлқын жақсы түсінеді. Бұл бізге жаңа буын туристерінің талғамы қалыптасатын негізгі платформаларда барынша жеке стратегия құруға мүмкіндік береді. Осылайша біз әрбір саяхатшыға бейімделген тәжірибе ұсынып, олардың сапарды жоспарлауын едәуір жеңілдетеміз. Қытайлық серіктеспен жоспарланған бірлескен бастамаларды іске асыру бюджеттік қаржыландыруды қажет етпейтінін атап өткім келеді»  «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даниел Сержанұлы

Қытай делегациясына еліміздің туристік әлеуеті таныстырылып, туризм саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Панельдік сессиялар барысында екі негізгі тақырып көтерілді: туризм экожүйесінің цифрлық трансформациясы және заманауи медиалар арқылы маркетингтік ілгерілету.

Форум екі ел арасындағы туризм мен мәдени байланыстарды дамытуға арналған маңызды диалог алаңына айналды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -