Өңірлік дамуға арналған цифрлық шешімдер

2134
Фотосурет: Gov

2025 жылдың 29 мамырында Абай облысы Семей қаласында Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков  Абай облысы тұрғындарымен кездесу өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Отырыстың басты назары министрлік жұмысының негізгі бағыттары: мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, ІТ секторды дамыту және Жетісу өңірінде «Ақылды қала» тұжырымдамасын жүзеге асыру болды. Вице-министр Мәлік Олжабеков  атап өткендей қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электронды түрде көрсетіледі. Олардың 90 пайызына тұрғындар смартфон арқылы қол жеткізіп отыр. Kaspi және Halyk қосымшалары арқылы 56 қызмет ұсынылып, 33 миллион рет пайдаланылған. Өткен жылы 341 миллион қызмет көрсетілсе, соның 91 пайызы цифрлық форматта жүзеге асқан. 51 қызмет проактивті түрде іске қосылып, 3,7 миллион рет қолданылған.

Әлеуметтік салада да цифрлық шешімдер енгізілуде. «Әлеуметтік әмиян» жобасы аясында мектеп оқушыларына ыстық тамақ, халыққа дәрі-дәрмек пен газ ваучерлері электронды түрде беріліп жатыр. Биыл 1841 мектепке құрылғылар орнатылып, 5,2 млн түскі ас берілген. Ал 771 дәріхана арқылы 6,2 млн рецепт бойынша дәрі таратылған.

Білім, әлеуметтік қорғау және еңбек салаларындағы бірқатар қызметтер де проактивті форматқа ауысты. Жаңа сервистер қатарында автокөлікті онлайн рәсімдеу, цифрлық ипотека, онлайн нотариус пен құмар ойындардан бас тарту қызметі бар.

Абай облысында қазіргі таңда 3 ХҚКО, 10 аудандық бөлім, 1 мамандандырылған ХҚКО және 26 бэк-офис жұмыс істейді.

Ақпараттық қауіпсіздік те назарда. Биыл кибершабуылдардың алдын алу, деректердің заңсыз таралуына жол бермеу бағытында бірқатар шаралар атқарылды.

Ғарыштық мониторинг арқылы Семей мен Аягөзде 233 заңсыз қоқыс орны мен 80 заңсыз пайдалы қазба фактісі анықталған. Бұл деректер арнайы geoservice.nedro.gharysh.kz платформасына енгізілуде.

Сонымен қатар, вице-министр өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Абай облысы үшін өзекті мәселелердің бірі – сапалы байланыс пен Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету және байланыс саласы бойынша сұрақтар қойылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -