Астанада әскери академия магистранттарының салтанатты бітіру рәсімі өтті

1276
Фотосурет: Gov

Ұлттық қорғаныс университетінің 200-ден аса түлегі магистр дипломын алды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде жедел-тактикалық және жедел-стратегиялық басқару деңгейлері мамандарының оқуды аяқтауына байланысты салтанатты шара өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамы, оқытушылар, магистранттар, әскери қызметшілердің туыстары мен жақындары қатысты. ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары - Қарулы күштердің Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов әскери басшылардың жаңа буынын құттықтай отырып, бұл оқиғаның елдің Қарулы күштері мен қорғаныс қабілетін нығайтудағы маңыздылығын атап өтті.

Ол жоғары білікті әскери кадр даярлау жүйесін жетілдіруге елеулі үлес қосатын профессорлық-оқытушылар құрамына, сондай-ақ әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне моральдық қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді. Ол жаңа заманға сәтті бейімделуге мүмкіндік беретін өзекті білімнің маңыздылығын атап өтті.

- Қарулы күштерді болып жатқан өзгерістерге бейімдеу, басқару жүйесін жаңғырту және Ұлттық қорғаныс университетінде жаңа технологияларды енгізу бойынша Жоғарғы Бас қолбасшы қойған міндеттерді ескере отырып, әскерлердің қажеттіліктеріне сәйкес білім беру бағдарламалары үнемі жетілдіріліп отырады. Университетте әскери құрылыстың, елдің қорғаныс қабілетін және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің өзекті мәселелерінің кең спектрі бойынша ауқымды ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, - деп атап өтті ол. ҰҚШҰ елдері Қарулы күштерінің түлектеріне арнаған сөзінде генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов алған білімдері оларға өздерінің қарулы күштерінің міндеттерін лайықты шешуге және біздің достас мемлекеттеріміздің әскери қауіпсіздігін нығайту ісіне үлес қосуға мүмкіндік беретініне сенім білдірді. 



- Университет басшылығына, профессорлық-оқытушылық құрамға бізге іс жүзінде пайдалы болатын іргелі, әрі мамандандырылған білім үшін алғыс білдіреміз. Барлық магистранттарға оларды қызметте табысты қолдануын тілеймін, - деп бөлісті "Қарулы күштер Бас штабының академиясы" факультетінің түлегі полковник Айбол Жүсіпов. 



Биыл мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімімен 217 түлекке магистр дәрежесі берілді. Оның ішінде Ұлттық ұланның 19,  ҰҚК Шекара қызметінің 12,  Төтенше жағдайлар министрлігінің 6 әскери қызметшісі бар.

Сонымен бірге  Қырғызстан Қарулы күштерінің 5 және Тәжікстан Қарулы Күштерінің 11 өкілі оқуды аяқтап шықты. Мемлекеттік аттестаттау комиссиясының шешімі бойынша оларға ұлттық қауіпсіздік және әскери істер магистрі дәрежесі берілді.

Оқудың барлық кезеңінде емтихандарды және қорытынды аттестаттауды "өте жақсы" бағасына тапсырған магистранттарға төсбелгі берілді. Олардың аты-жөні оқу орнының Құрмет тақтасына енгізіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -