Елордада ерекше флешмоб ұйымдастырылды, көліктердің көмегімен «Астана – есірткісіз қала» деген ұран құрастырылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Бұл шара тұрғындардың назарын есірткі мәселесіне аудару мақсатында өткізілді, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Флешмобты Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасы Қазақстан Республикасының Автомотоспорт федерациясымен бірлесіп ұйымдастырды.
«Іс-шара халықаралық нашақорлықпен күрес күніне орай жарияланған айлық аясында өткізілді. Оның басты мақсаты – қоғамда есірткіге деген теріс көзқарас қалыптастыру, тұрғындардың, әсіресе жастардың ақпараттану деңгейін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау. Біз бұл іс-шара арқылы қоғамға мынадай ой тастағымыз келеді: есірткімен күрес – баршамыздың ортақ міндетіміз. Еркіндік дегеніміз – денсаулықты, спортты және саналы өмірді таңдау. Мұндай акциялар өмірді, қозғалысты және жауапкершілікті таңдайтын адамдардың басын қосады», — деді ұйымдастырушылар.
Іс-шараға танымал спортшылар мен қоғам белсенділері қатысты.
«Біз есірткіге қарсымыз, салауатты өмір салтын қолдаймыз. Адамдар спортпен айналысып, өз денсаулығын күткенін қалаймыз», — деді әйгілі чемпион Илья Ильин.
«Мен үшін спортшы ретінде, бұл – жастардың, келешек ұрпақтың, еліміздің денсаулығы. Біз есірткіге қарсымыз», — деді атақты спортшы Айтым Жақыпов.