Қазақстан мен Meta кибербуллингке және зиянды контентке қарсы күресте күш біріктіруде

1914
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Meta компаниясының вице-президенті доктор Саймон Милнермен кездесу өткізді. Кездесу барысында жасанды интеллектіні дамыту, кадрларды даярлау, киберқауіпсіздік мәселелері және балаларды қорғау  цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы талқыланды, деп хабарлайды DKnews.kz

Meta бастамасы аясында Maqsut Narikbayev University қабырғасында мемлекеттік органдар, академиялық қауымдастық, қоғамдық ұйымдар және жастар өкілдерінің қатысуымен сала үшін маңызды іс-шара өтті. Онда кибербуллингтің алдын алу шаралары, зиянды контентке қолжетімділікті шектеу, сондай-ақ жасөспірімдердің құқықтары мен жеке шекараларын құрметтейтін онлайн-бақылау тетіктерін дамыту мәселелері қарастырылды.

Meta компаниясы 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларға арналған жаңа Instagram функциясы — «Жасөспірімдерге арналған аккаунттарды» таныстырды. Бұл функция аясында ата-аналар жасөспірім аккаунтына қол жеткізе алатын адамдар аясын шектей алады; сезімтал контентті сүзгілеу мүмкіндігі бар; пікірлер мен хабарламаларда қорлайтын сөздерді автоматты түрде бұғаттау жүзеге асырылады; жарияланымдарды бейтаныс қолданушылардан жасыруға, түнгі уақытта хабарламалар туралы ескертулерді өшіруге және пайдалану уақытын шектеуге болады.

Бұл функция халықаралық зерттеулер мен ата-аналардың сараптамалық ұсыныстары негізінде әзірленген. Жақын арада бұл мүмкіндік Қазақстандағы пайдаланушылар үшін қолжетімді болады деп күтілуде.

Министр Жаслан Мәдиев ведомство азаматтардың, әсіресе балалардың мүддесіне қызмет ететін қауіпсіз әрі этикалық цифрлық ортаны қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -