2025 жылғы 10-16 маусымда Лондонда өтетін рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына (2025 FIDE World Rapid & Blitz Team Championships) 55 команда қатысады, деп хабарлайды DKnews.kz.
Мұндай бірінші турнир (2023 жылғы 26–28 тамыз, Дюссельдорф, Германия, 36 команда) сәтті өткеннен кейін, 2024 жылғы 1-5 тамыз аралығында Астанада ұйымдастырылған екінші жарыс бұдан да ауқымды әрі қызықты болды. Өйткені рапидке блиц қосылды, өз атағын қорғаған WR Chess Team командасын заманымыздың ең үздік шахматшысы Магнус Карлсен бастады, сондай-ақ оның құрамында қазіргі әлем чемпиондары Цзюй Вэньцзюнь және Дин Лижэнь ойнады. Олар бір апта бойы 40 команданың құрамында Қазақтан елдордасының шахмат аспанының сәнін келтірген жұлдыздардың бір бөлігі ғана!
Ендеше бұл қандай турнир? Шахматтан командалық жарыс ұлттық командалар үшін өткізіледі – бұл Олимпиада, әлем және құрлық чемпионаттары, немесе ол клуб командалары үшін өткізіліп, оның сапында алуан түрлі елдердің шахматшылары ойнай алады.
FIDE World Rapid and Blitz Team Championships жарысының сипаты дәл осындай – клубтық командалар арасындағы чемпионат. Мұнда командаларды ұлттық федерациялар серіктестерінің қолдауымен жасақтайды немесе оларды тікелей демеушілер құрады. Командалардың бірінші түрінің мысалы ретінде Үндістанның Team MGD, Өзбекстанның Uzbekistan, Германияның Germany and Friends, Британияның Malcolm`s Mates, Қазақстан командаларын… келтіруге болады.
Ал 2023 жылы рапидтен чемпион және 2024 жылы блицтен чемпион атанған WR Chess Team интернационал командасының демеушісі – жобалық логистика саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын WR Group Holding GmbH компаниясының негізін қалаушы және оның бас директоры Вадим Розенштейн.
Жалпы, биылғы чемпионатқа қатысатын әлемдік деңгейдегі жұлдыздар өте көп. Жұлдызды тізім толық болуы үшін оған соңғы үш әлем чемпионы – ФИДЕ рейтинг тізіміндегі бірінші нөмірлі ойыншы, норвегиялық Магнус Карлсен (2837), қытайлық Дин Лижэнь (2734, № 21) және үндістандық Доммараджу Гукеш (2776, № 5) ғана жетіспейді!
Аталмыш WR Chess Team құрамында әлемдік шахмат тәжі сарапқа салынған екі матчқа қатысушы Ян Непомнящий (2757, № 10) және әлемнің бірнеше дүркін чемпионы және әйелдер рейтингінде бірінші нөмірлі Хоу Ифаньнен (2633) басқа тағы бір бұрынғы әлем чемпионы Александра Костенюк (2474, № 16ж), әуесқойы ойыншы Вадим Розенштейн (1704 - рапидте), сондай-ақ супергроссмейстерлер квинтеті – Хикару Накамура (2804, № 2), Алиреза Фирузджа (2766, № 8), Уэсли Со (2745, № 14), Максим Вашье-Лаграв (2736, № 19) және 2021 жылғы Әлем Кубогының иесі Ян-Кшиштоф Дуда (2725, № 24) ойнайды. Олардың капитаны да осал емес – Магнус Карлсеннің досы және Chess24.com сайтының негізін қалаушы Ян Густафссон (2019 жылы сайт Play Magnus Group активіне айналды, 2022 жылы PMG-ны $82,9 млн қаражатқа сала алпауыты Chess.com сатып алды, ал 2024 жылғы 31 қаңтарда Chess24 жабылды).
Hexamind Chess Team командасының туының астына супергроссмейстерлер Аниш Гири (2748, № 12), Левон Аронян (2742, № 16) және Леньер Домингес Перес (2738, № 18), Үндістанда тұратын екі Олимпиада чемпионы – Видит Сантош Гуджрати (2720, № 25) мен Дивья Дешмух (2463, әйелдер арасында № 18) және рапидтен 2024 жылғы әлем чемпионы Володар Мурзин (2666, № 58) жиналды.
Тағы бір «интернационал» – Freedom командасында – жұлдызды әйелдер дуэті Анна Музычук (2535, № 7) және 2025 жылғы Еуропа чемпионы Теодора Иньяц (2457, № 21), бұрынғы әлем чемпионы Вишванатан Ананд (2743, № 15) және супергросс Ле Куанг Льем (2739, № 23) бар, сондай-ақ бұған әлемдік рейтингтің бірінші жүздігіне кіретін тағы төрт шахматшы – Самуэль Севян (2687, № 40), Алексей Саран (2686, № 43), Рауф Мамедов (2657, № 68) және Айк Мартиросянды (2635, № 99) қосыңыз.
Басқа командалардың да ерекше фигуралары бар. Мысалы, Team MGD1 командасында ерлер рейтингіндегі № 3 Арджун Эригайси (2782) және әйелдер рейтингіндегі № 29 Ставрула Цолакиду (2428), сондай-ақ Пентала Харикришна (2707, № 30) ереше орын алады. Germany and Friends командасы – бұл ең алыдмен Винсент Кеймер (2730, № 22) және Динара Вагнер (2404, № 38ж), Ashdod Elit Chess Club командасының көшбасшылары – Нихал Сарин (2696, № 33) және Юлия Осьмак (2468, № 17ә).
Uzbekistan командасы, аты айтып тұрғандай, Өзбекстан құрамасының өзі: Нодирбек Абдусатторов (2767, № 6), Жавохир Синдаров (2710, № 29), ФИДЕ нұсқасы бойынша әлем чемпионы (2004–2005) Рустам Касымджанов (2675, № 47), Нодирбек Якуббоев (2659, № 65), Шамсиддин Вохидов (2644, № 82), Гулрухбегим Тохиржонова (2370, № 68ж), Афруза Хамдамова (2326) және Нилуфархон Имомкузиева (2066).
Әуесқой ойыншы деп мәлімделген команда мүшесі Имомкузиеваға қатысты жағдай қызық. Мәселе мынада: Чемпионат Регламентінің 2.1-тармағында әуесқой ойыншы деп уақыт бақылаудың кез келген нұсқасы – классика (стандард), рапид немесе блицте ФИДЕ рейтингі ешқашан Эло 2000 тармағына жетпеген деп көрсетілгенімен, онда «қоса алғанда 2025 жылдың наурызына дейін» деген ескерту бар. Ал наурыз айында рейтингі 1983 өзбектің жас қызы 15 жасқа дейінгі мектеп оқушылары арасында әлем чемпионы атанып (біздің Мәлика Жаппарбекова, Айлин Зарқым мен Әсия Асылханнан озып кетті), одан кейін көрсеткіші бірден 2126-ға көтерілді! Бірақ бұл – 1 сәуірден бастап. Демек, бәрі регламент бойынша.
17 мамырда турнирге қатысушылар тізімінде болған, негізгі ойыншылары ресейлік Дмитрий Андрейкин, Даниил Дубов, Владислав Артемьев, Володар Мурзин, Катерина Лагно болып табылатын, рапидтен 2024 жылғы әлем чемпионы атанған Al-Ain командасы оқыс жағдайға тап болды. Бұл жолы Мурзин Hexamind Chess Team командасының құрамында тіркелген, ал қалған ойыншылардың есімдері бірде бір команданың өтінімінде жоқ. Кейбір жанама белгілерге қарап, оларда Британия визасын алу жағынан қиындық болды деп тұжырымдауға болады.
Лондонға KazChess/ҚШФ тарапынан екі команда барады. KazChess командасы бас тәжірибе мен өршіл жастықтың үйлесімі деуге болады: Алдияр Аңсат (2489), Меруерт Камалиденова (2330), Қазақстанның жаңа чемпионы Елназ Калиахмет (2218) және әуесқой ойыншы Дәрмен Дәуренмен (1932) бірге KazChess/ҚШФ бірінші вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов (2587 – рапид), сондай-ақ жұлдызды легионерлер – Дин Лижэньнің чемпион атануына шешуші үлес қосқан Рихард Раппорт (2714, № 27), кейде «Иранның Каспаровы» деп аталатын Пархам Магсудлу (2691, № 38), Андрей Есипенко (2689, № 39) және Александр Грищук (2667, № 57) жарысқа түседі. Капитан –KazChess/ҚШФ атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Barys.kz командасы – бұл Қазақстанның жаңа чемпионы Қазыбек Нөгербек (2538), Денис Махнёв (2531), Әлішер Сүлейменов (2515), Эдгар Мамедов (2509), Жандос Ағманов (2481), ерлер құрамасының бас бапкері Әнуар Есмағамбетов (2466 – рапид), Ксения Балабаева (2352, № 90), Әмина Қайырбекова (2317) және әуесқой шахматшы Сүлеймен Нұрақын (1880). Капитан – әйелдер құрамасының бас бапкері Павел Коцур.
Сонымен қатар жарысқа қатысатын Rookies командасында юниорлар құрамаларының бас бапкері Евгений Владимиров жетекшілігік ететін шетелдік жас дарын иелері – Реад Самедов, Шреяс Ройял мен Роман Шогджиев, сондай-ақ өзіміздің таланттар – Даниял Сәпенов (2405), Иманғали Ақылбай (2385), Алуа Нұрман (2339), 18 жасқа дейінгілер арасындағы рапид пен блицтен әлем чемпионы Ерғали Сүлеймен (2302), Зарина Нұрғалиева (2252) және Ислам Айтен (1950) бар.
Алайда Лондондағы жарысқа қатысатын қазақстандықтардың тізімі олармен шектелмейді. Айталық, Ринат Жұмабаев (2546) бір жыл бұрынғы сайыстағыдай Сингапурдың Theme International Trading Theme командасының сапында күш сынасады. Польшаның Hetman GKS Katowice командасының құрамында Динара Сәдуақасова ойнайды деп мәлімделді, ол үшін бұл 2023 жылдың қазанында Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен XIX жазғы Азия ойындарынан кейін осындай бірінші жарыс болмақ. Ал Malcolm`s Mates командасының намысын қорғаушы ретінде Ұлыбританияда білім алып жатқан Ақтаулық әуесқой шахматшы Мұрат Омаров (1823) мәлімделді.
Сонымен, 10 маусымда Novotel London West қонақ үйінің конференц-залында рапид пен блицтен 2025 жылғы командалық әлем чемпионатының (2025 FIDE World Team Rapid and Blitz Championships) салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Ал келесі күні онда шахмат жарысы басталады. Атап өтетіні, рапидте де, блицте де «командаға қарсы команда» матчтары алты тақтада ойналады, соның ішінде әйел (5-ші тақта) және рейтингі 2000-нан төмен әуесқой ойыншы (6-шы тақта) міндетті түрде қатысуы керек. Команда капитаны ойынға қатысушы бола алады.
Рапидтен 2025 жылғы командалық әлем чемпионаты 11–13 маусымда өтеді және «15+10» уақыт бақылау нұсқасы (партияға 15 минут беріледі және әр жүріс үшін біріншісінен бастап 10 секунд қосылады) бойынша швейцариялық жүйе бойынша өтетін 12 раундтан тұрады.
Блицтен 2025 жылғы әлем чемпионаты 14–15 маусымда екі кезеңмен өтеді: бірінші кезеңде командалар 7-8 командадан тұратын топтарда айналма жүйе бойынша ойнайды. Үздік шыққан 16 команда екінші кезеңге (плей-офф) өтеді де, содан кейін ұтылған команда ойыннан шығатын нұсқада жарысқа түседі: 1/8 финал à ширек финалà жартылай финал à финал. Уақыт бақылау: «3+2».
Турнирдің жалпы жүлде қоры 500 000 еуро, соның ішінде €310 000 рапидке, соның ішінде €110 000 – жеңімпаз командаға, және €190 000 – блицке, соның ішінде €75 000 – жеңімпаз командаға табыс етіледі. Кубоктар мен ақшалай сыйлыққа қоса, әр санаттағы үздік үш команданың мүшелері алтын, күміс және қола медальдарға ие болады.
Қос чемпионаттың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі, сондай-ақ жабылу салтанаты 15 маусымда өтеді.