2025 жылдың 10 маусым күні Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның бұйрығымен Таир Қаратаев «Astana Ballet» театрының директоры болып тағайындалды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Таир Қаратаев — кәсіби музыкант, виолончельші, Күләш Байсейітова атындағы Республикалық мамандандырылған музыкалық мектеп-интернаттың және Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының түлегі. Ол мәдениет саласын терең білетін, мол басқарушылық тәжірибесі бар маман ретінде оркестр әртисінен бастап еліміздің жетекші мәдени ұйымдарының басшылығына дейінгі жолдан өтті.
Ол Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясын, Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театрын басқарған. 2023 жылдан бастап Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының директоры қызметін атқарып, ірі мәдени бастамалар мен жобаларды табысты жүзеге асырған тиімді стратег ретінде танылды.
Ұжымға алғашқы үндеуінде Таир Қаратаев былай деді: «“Astana Ballet” театры сияқты еліміздің ең жарқын мәдени брендтерінің бірінің қатарына қосылғаныма қуаныштымын. Театрдың бүгінгі жетістіктерін сақтап, оны жаңа белестерге көтеру — біздің ортақ мақсатымыз. Ұжымдық күш-жігермен біз ұлттық және халықаралық деңгейде жаңа мүмкіндіктерге жол ашамыз деп сенемін».