Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" қазақстандық компанияларды қолдауды күшейтуді тапсырды

2332
Фотосурет: primeminister.kz

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесі отырысын өткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Мемлекет басшысының экономиканың басым салаларына ірі инвестициялық жобаларды енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру барысы туралы Қор басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың баяндамасы тыңдалды. Қордың негізгі қаржылық, өндірістік көрсеткіштеріне және сатып алу процесін жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға назар аударылды.

«Самұрық-Қазына» басшысы директорлар кеңесіне мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика, тау-кен және басқа да салалардағы инвестициялық 46 жобаны жүзеге асыру туралы айтты. Биылғы 4 айда олар бойынша қаржының игерілуі 98%-ды құрады.

Осы жылы жалпы құны 355 млрд теңгеге жуық 5 жоба пайдалануға берілді. 

Ақтау портында контейнерлік хаб іске қосылды. Нысан теміржол құрамдарын қабылдауға, жүктерді өңдеу және оларды теңіз көлігі арқылы әрі қарай жөнелтуге қауқарлы. Каспий теңізі су аймағындағы ең ірі контейнерлік хаб жүк тасымалдау көлемін арттырып, Қазақстанның халықаралық бағыттардағы ұстанымын нығайтуға мүмкіндік береді. 

Алматыда жобалық қуаты 115 мың ЖФЭ (жиырма футтық контейнерлер) Zhetysu халықаралық логистикалық терминалы пайдалануға берілді. Сиань портымен (ҚХР) бірлесіп іске асырылған жоба Қазақстанның Қытаймен және Еуропа елдерімен көлік байланысын нығайтады. 

Ақтаудағы CASPI BITUM зауытын жаңғырту жұмыстары аяқтал, қуаттылығын жылына 750 мың тоннаға дейін, 50%-ға арттырды.

Алматыда 350 төсек-орынға арналған инфекциялық аурулардың жоғары технологиялық ғылыми орталығы салынды.

Кендірліде су тұщыту зауытының құрылысы аяқталуға жақын, нысанда іске қосу-баптау жұмыстары және жабдықтарды жұмысқа дайындау жүргізілуде. 

Бұдан басқа, Жетісу облысында ұзындығы 302,4 км «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырының желілік бөлігінің құрылысы кестеден озып аяқталып, полиэтилен және «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралды газ құбырының екінші желісін өндіруге арналған газ бөлу кешенінің жобалары бойынша ерте құрылыс жұмыстары басталды.

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» басшылығы мен жауапты министрліктерге инвестициялық жобалардың уақтылы іске асырылуын және отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін одан әрі жетілдіруді қамтамасыз етуді тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -