Astana Hub технопаркінде Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиевтің басшылығымен IT-қоғамдастық өкілдерімен кездесу өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Іс-шараны ұйымдастырушылар – Қорғаныс министрлігі және «Қазақстан ГАЖ Орталығы» АҚ – IT-индустриясының мамандарын, технологиялық кәсіпкерлерді және цифрлық деректерді, компьютерлік жүйелерді зиянды бағдарламалық жасақтамадан қорғаумен айналысатын компанияларды қатысуға шақырды.
Кездесу барысында Қарулы күштердің киберқауіпсіздік кеңесін құру және қорғаныс ведомствосының киберқауіпсіздік төңірегіндегі өзара іс-әрекетінің жол картасы жөнінде айтылды.
– Жақында Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен өткен кеңесте Президент басым міндеттердің қатарында Қарулы күштерді цифрландыру және жасанды интеллекті пайдалану қажеттігі жайын мәлімдеді. Осыған байланысты киберқауіпсіздік мәселелері өзекті болып отыр. Бүгін біз деректерді ақпараттық қорғау саласындағы өзара іс-әрекетті реттеу жөніндегі ұсыныстарыңызды тыңдаймыз деген сенімдемін, – деп іс-шараның мақсатын айта кетті Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев.
Қазіргі уақытта Қорғаныс министрлігі осы мәселелерге ерекше назар аударып отырғанын атап өткен жөн. Жоғары оқу орындарымен және технологиялық компаниялармен тығыз өзара іс-әрекет жүзеге асырылады, хакатондар, кибер жаттығулар өткізіледі, дағдарыс жағдайындағы шабуылдарды тойтарыс беру сценарийлері де пысықталады.
Іс-шараға қатысушылар осы саладағы өз жетістіктерімен бөлісті. Айта кетсек, iBatyr маманы Виталий Ли деректердің бұзылуына қарсы іс-қимыл жөніндегі өзінің жобасы туралы айтып берді, ал MSSP Global өкілі Медет Турин цифрлық кеңістіктегі кибергигиена мәселелеріне тоқталды.
Қорғаныс ведомствосының киберқауымдастыққа қатысты өзара іс-әрекет жол картасының негізіне алынады деп аталған ұсыныстар мен ұсынымдар мұқият зерделенетін болады.