Астанадағы «Жасыл Ел»: мектеп оқушылары зауыттарда кәсіби бағдардан өтті

2805
Фотосурет: Gov

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» ауқымды экологиялық акциясы және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жасыл Ел» жасақтарының жауынгерлеріне елордалық Индустриялық паркте кәсіби бағдарлық экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен қалалық инвестицияларды дамыту орталығы – Astana Invest қолдауымен өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Экскурсияның басты мақсаты – жастар арасында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, өндірістік салаға қызығушылықты ояту және кәсіби бағдар беру.

Экскурсия бағдарламасы аясында келесі кәсіпорындарға бару жоспарланған:

құрылыс материалдарын өндіретін зауыттар;
металл конструкцияларын жинау кәсіпорындары;
автоматтандырылған технологиялық желілер.

Зауыт инженерлері мен басшылары өз тәжірибелерімен бөлісіп, жастардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ қатысушыларға индустриялық паркте жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат берілді.

«Экскурсияға 14-18 жас аралығындағы 100-ден астам жас қатысты. Олар – «Жасыл Ел» жасақтарының жауынгерлері, мектеп оқушылары мен колледж студенттері. Біз төрт кәсіпорында болдық. Олар құрылыс материалдары мен металл конструкцияларын өндіретін, сондай-ақ жоғары технологиялы автоматтандырылған желілермен жабдықталған зауыттардың жұмысымен танысты. Бұл – жастар арасында жұмысшы мамандықтарды насихаттау мақсатында ұйымдастырылды», – деді жоба басшысының орынбасары Асылбек Абдурашитов.

Астана қаласы әкімдігінің Жастар саясаты басқармасының басшысы Самат Ибраев жастарды экологиялық және әлеуметтік маңызды іс-шараларға тартудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі экологиялық акцияның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, оларды еңбекке баулу, табиғатқа ұқыпты қарау және қоршаған ортаға қамқорлық мәдениетін сіңіру. Біз тек айтып қана қоймай, жұмысшы еңбегінің маңызын нақты іспен көрсетуді көздедік», – деп түсіндірді ол.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -