Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы екінші Келісім және BeiDou спутниктік навигациясы саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылдың 16 маусымында «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті аясында Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Қытай Халық Республикасы Үкіметі арасында техникалық-экономикалық ынтымақтастық туралы екінші Келісімге қол қойылды.
Келісім 2024 жылдың 3 шілдесінде Астанада қол қойылған алғашқы құжаттың жалғасы болып табылады. Екінші Келісім шеңберінде 100 миллион юань көлемінде екінші грант беру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл қаражатқа астрономия, спутниктік деректерді өңдеу және жоғары технологиялық салаларда мамандар даярлау бағытында заманауи зерттеу және білім беру инфрақұрылымын құру жоспарлануда.
Сонымен қатар, сол күні Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму және реформалар комитеті арасында Қытайдың BeiDou спутниктік навигациялық жүйесін қолдану саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік жөніндегі Меморандумға қол қойылды.
Бұл құжат спутниктік навигация және геодезия саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Ол Қазақстан аумағында BeiDou ынтымақтастық орталығын құруды, CORS-станциялар инфрақұрылымын дамытуды, ғылыми-техникалық ынтымақтастықты, геодезиялық және навигациялық жабдықтарды өндіруді жергіліктендіруді, сондай-ақ мамандар даярлау мен екі елдің салалық ұйымдары арасында тәжірибе алмасуға жәрдемдесуді көздейді.
Меморандумға қол қою Қазақстанда дәл навигациялық және геодеректерді көлік, логистика, ауыл шаруашылығы және басқа да салаларда қолдану мүмкіндіктерін кеңейтіп, еліміздің технологиялық дамуына және Қазақстан-Қытай серіктестігін нығайтуға ықпал етеді.