ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының 33 жас атлеті Отанына адал болуға ант берді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Салтанатты рәсімге Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, бокстан әлем чемпионы Сәкен Бибосынов, ауыр атлетикадан әлем чемпионы Жасұлан Қыдырбаев, еркін күрестен әскери қызметшілер арасында әлем чемпионы Мейіржан Әшіров, грек-рим күресінен әскери қызметшілер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Асхат Ділмұхамедов қатысты.
Жас спортшылар қазірдің өзінде қазақ күресі, дзюдо, бокс, самбо, таэквондо, аударыспақ, көкпар, жеңіл және ауыр атлетика, джиу-джитсу, қоян-қолтық ұрыс, кикбоксинг, биатлон секілді спорт түрлерінен нәтижеге қол жеткізген. Сарбаздар ұлттық құрама командалардың сапына кіреді.
Олардың арасында Азия чемпионы, дзюдодан Тбилисиде өткен «Үлкен дулыға» турнирінің жеңімпазы Нұрқанат Серікбаев, Қазақстанның жеті дүркін чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы, самбодан екі дүркін әлем чемпионы Нұржан Тумырзаев, Қазақстан чемпионы, Азия чемпионы, Әлем кубогының екі дүркін чемпионы, кикбоксингтен Әлем чемпионатының қола жүлдегері Батырхан Қуандықов бар, биатлоннан Азия ойындарының күміс жүлдегері Кирилл Бауэр, Қазақстанның бес дүркін чемпионы, Азия чемпионатының жүлдегері, ауыр атлетикадан Қазақстанның абсолютті чемпионы Петр Гребетов, Қазақстанның төрт дүркін чемпионы, Азияның үш дүркін чемпионы, қазақ күресінен Әлем кубогының қола жүлдегері Айдар Бескемпір секілді спортышлар бар.
– Сіздердің спорттық ареналардағы және өмірдегі жетістіктеріңіз Отан игілігі үшін жұмыс істейтініне сенімдімін. Бұл ант әскери борышқа адалдықтың, күш-жігердің, батылдықтың және жаңа биіктерге ұмтылыстың символына айналсын, – деді жас сарбаздарға ақ жол тілеген Қорғаныс министрлігі Спорт комитеті төрағасының орынбасары полковник Еркебұлан Түсіпханов.
Ант қабылдағанға дейін сарбаздар жас жауынгер курсынан өтті. Онда жалпы әскери жарғыларды оқып, әскери қызмет қауіпсіздігінің негіздерін, саптық және атыс дайындығын игерді.
Армия орталық спорт клубы спорт ротасындағы қызмет – жоғары деңгейдегі спортшылар үшін ерекше мүмкіндік. Бұл жеңістер мен жаңа биіктерге жетудің жарқын жолы.