Капиталын арттырған кім, азайтқан кім: Қазақстан банктеріне шолу

1408
Фотосурет: Shutterstock

2025 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша ҚР екінші деңгейдегі банктерінің (ЕДБ) реттеуші меншікті капиталы 9,5 трлн теңгені құрады, жыл басынан бері 1,1%-ға өсім көрсетті.

Жалпы алғанда, банк секторының капиталы жеткілікті деңгейде, бұл салыстырмалы көрсеткіштер арқылы расталады. Мәселен, негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k1) 19,5%-ды, ал меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (k2) 21%-ды құрады. Аталған көрсеткіштер заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір жоғары, бұл банктерге ықтимал тәуекелдерді жабуға және өз міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді. Демек, банк секторындағы қазіргі жағдайды тұрақты деп сипаттауға болады.

Меншікті капиталдың динамикасы банктерге қарай өзгеріп отырады. Жыл басынан бері ең үлкен өсімді Kaspi Bank көрсетті: плюс 65,4 млрд теңге немесе 6,4% — 1,1 трлн теңгеге дейін. Сондай-ақ банк меншікті капиталдың жеткіліктілігі бойынша жоғары коэффициент көрсетіп отыр, бұл көрсеткіштер реттеуші белгілеген талаптардан жоғары болып табылады.

Өзінің меншікті капиталының өсімі бойынша екінші орынға Отбасы банк жайғасты: плюс 60,7 млрд теңге немесе 8,6% — 763,1 млрд теңгеге дейін. Alatau City Bank (Jusan Bank) көшбасшылар үштігін түйіндейді: өсім 52,1 млрд теңгені немесе 4,9%-ды құрады.

Тағы бір айта кетерлігі, 21 ЕДБ-ның 7-еуі меншікті капиталын төмендетіп алды, олардың қатарында еліміздегі кейбір ірі банктер де бар.

Қысқа мерзімді өзгерістерге қарамастан, болашақта тұрақты өсім байқалмақ, ЕДБ-ның меншікті капиталы бір жылда 19,6%-ға, ал соңғы бес жылда екі еседен астам артты. Бұл сектордың тұрақты түрде дамып келе жатқанын аңғартады.

Меншікті капитал — банктің тұрақтылығы мен сенімділігін айғақтайтын негізгі көрсеткіштердің бірі, себебі ол оның тәуекелдерді жабу, қаржылық қиындықтарға төтеп беру қабілетін айқындайды және салымшылар мен кредит берушілерге қорғаныс береді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -