Қазақстандық гимнаст Акмарал Ерекешева жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тарихи алтын жүлдеге қол жеткізді, деп хабарлайды DKnews.kz.
Болгария астанасы София қаласында көркем гимнастикадан жеке бағдарламалар бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының финалдық кезеңі басталды.
Қазақстандық гимнаст Акмарал Ерекешева іріктеу кезеңінен сенімді өтті және ел тарихындағы алғашқы алтын медальді жеңіп алды.
Доппен жаттығуда Ерекешева жоғары шеберлік көрсетіп, 26.150 ұпаймен әлем чемпионы атанды. Ол дәл осы снарядта екінші мәрте алтын медальге ие болды. Ал обручпен финалда жарқын өнер көрсетіп, 26.950 ұпаймен күміс медальді еншіледі.
«Бұл — Қазақстан тарихындағы алғашқы медальдар. Бұған дейінгі ең жоғары жетістігіміз — төртінші орын болатын. Ал қазір менің екі бірдей шәкіртім финалға өтіп, лайықты нәтиже көрсетті. Бұл — үлкен жетістік», — деді жаттықтырушысы Меруерт Балғынбаева.
Сондай-ақ, финалға шыққан тағы бір қазақстандық гимнаст Айғаным Рысбек шоқпарлармен жаттығуда әлемнің үздік бестігіне енді.
Фото: Ақмарал Ерекешеваның жеке мұрағатынан
Бұл жетістік — биыл Сингапурда өткен Азия чемпионатындағы жеңістің заңды жалғасы. Ол кезде де Қазақстан құрамасы топтық көпсайыста алтын медаль жеңіп алып, халықаралық аренада өз орнын нықтай түскен еді.
Жас гимнаст қыздардың бұл табысы — отандық көркем гимнастика тарихындағы маңызды белес және жаңа буын үшін шабыт беретін жарқын үлгі.