Қаржылық алаяқтықтың жаңа тәсілдері: қауіпсіздік бойынша ұсыныстар

1309
Фотосурет: Diy13 / Getty Images

Қаржылық алаяқтық күн сайын күрделеніп, әккі сипатқа ие болуда.

Алаяқтар мұқият дайындалып, бірнеше кезеңнен тұратын схемаларды құрып, цифрлық технологияларды пайдаланады және өзін заңды құрылым ретінде көрсетуге тырысады.

Fingramota.kz ең көп таралған алаяқтық әдістері туралы айтып, оларды уақытында қалай анықтап, қалай қорғану керектігі жөнінде кеңес береді.

Фотосурет:  fingramota.kz

Медициналық және косметологиялық қызметтерді жамылған алаяқтық

Соңғы уақытта алаяқтар медициналық немесе косметологиялық қызмет түрінде әрекет етуді жиілетуде. Олар азаматтарға телефон шалып немесе мессенджерлер арқылы хабарласып, өзін жеке клиникалар, диагностикалық орталықтар немесе сұлулық салондарының қызметкері ретінде таныстырады. Құйтырқы әрекет мынадай сценарий бойынша жүреді: азаматқа денсаулығынан проблема табылғанын айтып, тегін тексеруден өтуге немесе шұғыл ем алуға шақырады. Көп жағдайда олар «егер қазір емделмесеңіз, денсаулығыңызға ауыр зардабын тигізеді» деген сылтаумен шұғыл шешім қабылдатуға тырысады. Алаяқтар жалған лицензиялар мен фейк сайттарды пайдаланып, сенімділік тудырады. Әсіресе «онлайн диагностика» атауымен азаматтардан жеке фотосуреттері мен жеке бас мәліметтерін (ЖСН, төлқұжат деректері) сұрап алып, артынша «шұғыл ем керек» деген желеумен ақша аударуды талап етеді.

Көп жағдайда олар «ғажайып әсері бар» дәрілер мен косметикалық өнімдерді ұсынады. Алайда бұл өнімдер не уәде етілген нәтижеге сай келмейді, не мүлдем пайдасыз болып шығады. Адамдар медицина саласына сенеді және денсаулығына алаңдайды. Осы сенім мен қорқынышты пайдаланған алаяқтар азаматтарды асығыс әрі тексерусіз шешім қабылдауға итермелейді. Әсіресе интернеттегі қызметтерге сенетін егде жастағы адамдар осындай әрекеттерге жиі алданып қалады.
Кей жағдайларда олар «мүмкіндікті жіберіп алмау» қаупіне сүйеніп, қосымша сыйлықтар немесе бастапқыда өте қымбат қызметтерге үлкен жеңілдіктер ұсынады. Сонымен қатар, «денсаулыққа үнем жасауға болмайды» деген психологиялық қысым әдісі де жиі қолданылады.

Тіпті кейбір азаматтар мұндай қызметтер үшін несие рәсімдейді. Бұл ретте ескеретін жайт – банк немесе микроқаржы ұйымы қызметтің сапасына жауап бермейді, тек оның ақысын төлеуге несие береді. Егер қызмет сапасыз болса, азамат өз құқығын азаматтық-құқықтық тәртіпте қорғауға мәжбүр болады. Ал қарызды қайтару міндеті бәрібір сақталады.

«Тиімді инвестициялар» деген желеумен жасалатын алаяқтық

Кең таралған тағы бір алаяқтық түрі – инвестициялық алаяқтық.
Мұнда азаматтарға жоғары табыс (айына 20–30 пайыз) табуға мүмкіндік бар деген уәдемен ақша салуды ұсынады. Алаяқтар беделді компаниялардың атын жамылып, жалған жобаларға сілтеме жасап, ресми құжаттарға ұқсайтын жалған материалдар ұсынады. Қазақстанда мұндай жағдайлар жиілеп кетті: алаяқтар өздерін ірі компаниялардың немесе мемлекеттік органдардың өкілі ретінде көрсетіп, жәбірленушілерге пайдалы қазбалар өндіру, жасыл энергетика, IT-жобалар немесе криптовалюта саудасына «инвестиция құюды» ұсынады. Бастапқыда олар шағын сома – 50–100 мың теңге сұрайды. Одан кейін «табыс түсіп жатыр» деген желеумен көрсеткіштерді қолдан жасап, оны шығару үшін тағы ақша салуды сұрайды. Бұл осылай шексіз жалғасып, адам шығынға батпайынша тоқтамайды.

Соңғы уақытта «Telegram жобалары» да көбейіп кетті. Мұнда бейне көру, лайк басу, токен саудасы сияқты әрекеттерге инвестиция ұсынған болады. Азаматтар арнайы нұсқаулық алып, криптовалюта әмиянын ашып, қаражат аударады – ал артынша байланыс үзіледі. Алаяқтар кәсіби сайттар мен әлеуметтік желідегі жарнамаларды пайдалана отырып, ұсыныстарын шынайы әрі тартымды етіп көрсетеді.
«Бүгін ғана мүмкін», «жобаға кіру шектеулі» деген секілді шұғыл шешім қабылдататын қысым, сондай-ақ «қаласаң – қазір әрекет ет» деген эмоциялық манипуляция да жиі қолданылады.

Тұрмыстық қызметтерді жамылған алаяқтық: жөндеу, терезе орнату, сантехника

Тағы бір жиі кездесетін алаяқтық түрі – тұрмыстық қызмет саласындағы әрекеттер. Оған пластикалық терезе орнату, есік қою, пәтер жөндеу, сантехникалық және электрлік жұмыстар кіреді.Мұндай алаяқтар жарнама арқылы немесе хабарландыру сайттарында азаматтардың өтініштеріне жауап беру арқылы байланысады.

Схема келесідей: азаматпен келісіп, алдын ала төлемді сұрайды – мысалы, материалдарға немесе жұмысшыларды «брондау» үшін. Ақша аударылғаннан кейін орындаушы жоғалып кетеді.
Кейде жасанды фотосуреттер жібереді немесе «жақында бітеді» деп сендіріп, тағы төлем талап етеді.

Көп жағдайда мұндай жұмыстар келісімшартсыз атқарылады, түбіртек берілмейді, ақша бейресми шоттарға түседі. Байланысқа қайта шығу мүмкін болмайды – телефон сөндіріледі, әлеуметтік желідегі парақша жойылады.
Бұл алаяқтық түрі, әсіресе күз-қыс мезгілінде – жөндеу мен жылу оқшаулау маусымында белсенді жүреді. Негізгі әдіс – арзан баға мен шұғыл шешім қабылдауға итермелеу. Адамдар келісімшарт жасаспай, үнемдеуге тырысады, жеңілдіктерге сеніп қалады. Ал кейін құқықтық тұрғыда өз құқығын дәлелдеу қиынға соғады.

Кейбір жағдайда алаяқтар қорқыту әдістерін қолданады: «егер жөндетпесеңіз – құрылғыңыз істен шығады, көршілерді су басады» дегендей.Немесе өте төмен бағамен «сапалы қызмет» ұсынып, нәтижесінде нарықтағы бағадан бірнеше есе жоғары ақы алады.Көбіне егде жастағы азаматтар немесе тәжірибесі аз жастар осындай алдауға түсіп жатады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -