Осындай жауапты да мәртебелі міндетті абыроймен атқарып жүрген жандардың бірі – медицина қызметінің аға лейтенанты, әскери дәрігер Қайсар Нұрадинұлы Қалбай, деп хабарлайды DKnews.kz.
Ол бүгінде ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6656 әскери бөлімінде қызмет етіп жүр. Қайсар 2020 жылы Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы С.М. Киров атындағы Әскери-медициналық академияны тәмамдаған. Бұл – кезінде қазақ халқының біртуар перзенті, дәрігер-ғалым әрі ағартушы Халел Досмұхамедов білім алған айтулы оқу орны.
Бұл – жай ғана сәйкестік пе, әлде тарих пен тағдырдың үндесуі ме? Халқына қалтқысыз қызмет еткен қайраткерлер жолын жалғау – ұрпаққа артылған аманат емес пе? Қайсар Қалбайдың өмір жолына зер салсақ, бұл сұрақтың жауабы – анық.
Оның атасы Арқабаев Қалыбай – Атырау облысы, Жиделісай өңірінің тумасы. 1917 жылғы Алаш қозғалысына қолдау көрсетіп, ұлт болашағы үшін күреске атсалысқан. Отбасылық естеліктерге сүйенсек, ол сол бір аласапыран заманда Халел Досмұхамедовке қолдау көрсетіп, офицерлік курстар ұйымдастыру мен Алаш әскери бөлімдерін жасақтауға материалдық көмек берген. Бұл – ата-бабаларымыздың ұлт тағдырына бейжай қарамағанын, ел болашағы жолында қандай құрбандыққа да дайын болғанын айғақтайды.
Алайда тарихтың қатал беттері бұл ерлікті елеусіз қалдырды. Кеңестік билік орнаған соң Алаш қозғалысына қатысы бар азаматтардың көпшілігі қуғын-сүргінге ұшырады. Қалыбай Арқабаевтың да кейінгі тағдыры белгісіз күйінде қалып отыр. Шөбересі Нұраден Қалбаевтың айтуынша, талай архивті ақтарғанымен, атасының нақты дерегі табылмапты.
Сол тектіліктің, сол елшіл рухтың бүгінгі жалғасындай болып жүрген Қайсар Қалбай – ел қорғаны саналатын құрылымда әскери дәрігер болып еңбек етіп жүр. Оның мамандығы – жай ғана қызмет емес, бұл – елдің амандығы мен сарбаздардың саулығын күзету жолындағы қасиетті міндет. Ақ халат пен әскери погонның тоғысында жүрген оның таңдауы – ұлт алдындағы адал борыш.
Медицина қызметкерлері күні – дәрігерлер мен мейіргерлердің қоғамдағы рөліне бас иетін күн ғана емес, сондай-ақ ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан елге қызмет ету мұратына тағзым ететін күн. Бүгінгі Қайсардай жастардың бойындағы азаматтық пен рухани жауапкершілік – кешегі арыстардың аманатының лайықты жалғасы екені сөзсіз.