Әскер – тәртіп пен табандылықтың мектебі. Ал сол тәртіптің ішінде, ұлы міндеттің жанында – психологиялық ауыртпашылықпен күресетін мамандар орны ерекше. Әскери медицинадағы психиатрия мамандары ерлік пен ептілікті, темірдей тәртіп пен рухани беріктікті қатар алып жүреді. Қазіргі уақытта осы міндетті арқалап жүрген психиатр-дәрігер – Ұлттық ұланның әскери дәрігері, медицина қызметінің капитаны, әскери-дәрігерлік комиссиясының аға сарапшысы, психиатр-дәрігер Гаухар Жайлыбекова.
Гаухар Серікханқызының өмір жолы мен кәсіби тұрғыдағы қадамдары талай жас мамандарға үлгі боларлықтай. Алматы мемлекеттік медицина университетінің жалпы медицина факультетін тәмамдап, кәсіби жолын бастады. Мектепте біліммен қатар тәртіп пен жауапкершілікті бірге алып жүріп, жоғары оқу орнын үздік дип-
ломмен аяқтаған. 2006 жылы терапия мамандығы бойынша интернатураны аяқтады. Терапиядан бөлек оның жалпы адам жанын түсініп, психологиялық жұмыс істеуге деген қызығушылығы басым еді. Бұл қарапайым сезімнен психиатрия бағытына қадам бастады. Жаңа маман ретінде психикалық денсаулық мәселесінің ерекше тұстары, әр адамның ойындағы күйзеліске, қобалжуға қарсы тұра білу қабілеті қызықтырды. Осы қызығушылық оны кәсіби тұрғыдан шыңдап, әскери салаға бет бұруына себеп болды.
Қарағанды мен Алматыда әскери мектепті тәмамдаған соң, ұстаздыққа қайта оралып, тәжірибе жинақтады.
Капитан Гаухар Жайлыбекова рентген дәрігері ретінде осы психиатрия саласына бет бұрған соң, мүлде жаңа қырынан көріне білді. Адам жанын түсіну мен психологиялық көмек көрсету — әскери салада аса қажет. Себебі әскери қызметкерлердің рухани саулығы – олардың жауынгерлік қабілетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан Гаухар Серікханқызы. әскери саладағы кәсіби психиатр ретінде сарбаздардың ішкі жан дүниесін түсінуге, қиын сәттерде дұрыс шешім қабылдауына, жанұяларымен үйлесімді өмір сүруіне барынша көмектесуге тырысады.
Кейіпкеріміздің айтуынша, әскери дәрігерлердің жауынгерлерге көмектесіп қана қоймай, адамның жан-дүниесіне де ем жүргізетіндігі анық. Бұл кез келген медицина маманымен салыстырғанда, оңай емес. Дегенмен ол өзін осы саланың иесі ретінде еңбек етуге бекем шешім қабылдаған. Бұл қызметте өз ісін сүйген әскери маман ретінде өсіп, дамуға мүмкіндік мол екенін білді.
Психиатр-дәрігер ретінде ол көптеген адамның жан дүниесімен танысты. Әрбір пациентпен қарым-қатынас орнатудың жолын меңгеріп, кез келген күрделі кезеңде адам жанын түсінуді үйренді. Бұл мамандықтың қиындығы мен қызығы қатар жүреді. Әсіресе әскери ортада қызмет атқару – үлкен психикалық тұрақтылық пен ерік-жігерді талап етеді. Ол әр әскери қызметшінің жан дүниесін зерттеп, оған көмектесуге тырысады. Қызмет барысында жанұялық мәселелерден бастап, әскери жағдайдағы түрлі оқиғаларға дейінгі жайттармен бетпе-бет келеді. Оның кеңесі сарбаздардың психологиялық тұрақтылығын сақтауға, әскери тәртіпке сай әрекет етуіне себепші болады. Ол: «Әрбір әскери адамға жауынгерлік қызметте психологиялық дайындық пен шыдамдылық қажет» – дейді.
Оның кәсіби міндеті – әскери қызметке жарамдылығын анықтау, сарбаздардың психологиялық тұрақтылығын бағалау және әскери қызметке сайлығын тексеру. Бұл жерде тағы да еске саларымыз, әскери медицина мамандары тек тән жарақатын емес, жан жарасын да емдейді. Осы орайда психиатр-дәрігердің орны ерекше. Ол өз мамандығына жан-тәнімен беріліп, әр сарбаздың көкейіндегі ойды тереңірек анықтауға тырысады. Дегенмен қоғам үшін де, әскери адамның көңілін көкке көтеретін рухани жандардың қажеттілігі арта түседі. Ал оның әскери қызметін мінсіз атқаруға, темір тәртіпке, әрбір шешімді нақты әрі ұстамдылықпен қабылдауғаға күш салуы – үлгі боларлық қасиет.
Медицина көзімен қарағанда әскери саладағы психиатрия мамандары – ішкі тұрақтылықты тәртіптің ең биік тұғырына көтеретін маңызды бағыт. Сондықтан, кез келген психиатр әскери маман ретінде, жоғары жауапкершілікті арқалап, ерлік пен ептілікті қатар ұстауға тырысады.
Шұғыла САБЫР, ҚазҰУ студенті