Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде әскери ант беру рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Елордада орналасқан әскери оқу орнында үшінші курс кадеттері салтанатты жағдайда Отанға адал қызмет етуге ант берді. Барлығы 100 кадет өздерінің әскери борышына адал болуға ант етті.
Іс-шараға Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, колледждің басшылығы мен жеке құрамы, Қарулы күштердің ардагерлері, кадеттердің туыстары мен жақындары қатысты.
Кадеттерді осы айтулы оқиғамен Халық қаһарманы отставкадағы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев құттықтады. Ол жас сарбаздарға әскери ғылымды терең меңгеруде табандылық пен алдағы қызметтеріне сәттілік тіледі.
Қалыптасқан дәстүр бойынша жиналғандар Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
"Бүгінде елімізде бес әскери колледж жұмыс істейді. Бұл оқу орындарында жеті әскери-есептік мамандық бойынша кіші командирлер дайындалады. Бұл дегеніміз қазіргі заманғы армия құрылымында кәсіби сержанттардың маңызды рөл атқаратынын көрсетеді" Қазақстан Қарулы күштерінің бас сержанты шебер-сержант Темірбек Халықов
Кадеттер колледжге осыдан екі жыл бұрын түскен. Осы уақыт ішінде олар оқу пәндерін меңгеріп қана қоймай, қатаң әскери тәртіпке үйреніп, сапалы әскери дайындықтан өтті.
Келесі жылы олар оқуын аяқтап, Қарулы күштердің сержанттар қатарын толықтырады.
"Біз балаларымызды мақтан тұтамыз. Бүгін олардың қалай өзгергенін, қандай жетістіктерге жеткенін көріп отырмыз. Мұның барлығы ұстаздар мен командирлердің еңбегі деп білемін. Үлкен ұлым бүгін ант қабылдаса, ал кенже ұлым биыл осы колледжге оқуға түсті. Екеуіне де қуаныштымын, олардың нағыз Отан қорғаушы азамат болатынына сенемін" Кадеттің анасы Іңкәр Қалтаева
Үздік түлектер болашақта әскери жоғары оқу орындарында білімін жалғастырып, офицер атануды жоспарлап отыр. Бүгінгі ант олардың нағыз жауынгер болуға жасаған кезекті қадамы. Бұл көпшілігі үшін бала күннен бергі арман. Алда жауапты оқу жылы тұр, және олар оны абыроймен аяқтап, Отанға қызмет етуге дайын.