Тергеуші мен тілшінің «тіршілігі» ұқсас. Екеуі де сұрақ қояды. Екеуі де ақпараттың анық-қанығына көз жеткізу үшін, шыңырауға түрен салып шындыққа қарай ұмтылады. Алайда, тергеушінің әрбір сұрағы қылмысқа қарай жол ашады. Ол тергеуге келушінің бұлтарып, жалтарған жалған сөздерін електен өткізіп, қат-қабат тосқауылдарды психологиялық әдістерімен бұзып-жарып, ішкі түйсік пен айғақ-дәлелдерді сабақтастыра отыра, әділдікке жетеді. Яғни, қылмысқа әділ баға береді. Сүрлеуі салынбаған һәм күрмеуі шешілмеген күрделі аса ауыр қылмыс түрлерін ашуда полиция майоры Біржан Бауыржанұлының еңбегі ұшан-теңіз. Осы орайда тергеу саласында он жылдай табанды қызмет атқарған Өскемен қалалық полиция басқармасы бастығының орынбасарымен сөз өрбіттік.
- Есенсіз бе Біржан мырза? Қызметтік жолыңыз қалай басталды?
- Мен қызметімді Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық полиция бөлімінде тергеуші болып бастадым. Алғашқы қылмыстық ісімде көше бойында зейнеткерлерді тонайтын қылмыскерді түрмеге тоғыттым. Аталған күдікті дәл осындай әрекетін бұның алдында да жасамыстарға жасаған екен. Бұрын сотты болған азамат тиісті жазасын алды. Жалпы, мен бала кезімнен тергеуші болғым келді: қылмыстарды ашуға, қоғамға қауіптілерді бейбіт тұрғындардың мазаны алмауға сонымен қатар зиян тигізбеуге, кінәлілерді анықтауға, қылмыстық іске таразының екі басын тең ұстап, әділ қарауға Қылмыстық істі тергеу - өте ауыр және көп еңбекті қажет ететін, бірақ сонымен бірге өте игі және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге алып келетін жұмыс.
- Қоғамдағы тергеушінің рөліне тоқталсаңыз?
- Көптеген адамдардың жадында тергеуші рөлі шытырман оқиғалардың басты кейіпкеріндей елестейді. Олар тергеушіні, фильмдерде көрсетілгендей, түнде шахар кезіп, тапаншамен жүгіріп, қылмыскерлерді ұстайтын адам деп ойлайды. Бірақ шын мәнінде олай емес. Менің бірінші тәлімгерім аға тергеуші Денис Симонов тергеушінің басты құралы – ол ішкі түйсік деп айтты. Яғни, тергеушінің міндеті алдымен табылуы тиіс дәлелдемелерді бекіту болып табылады. Мамандықты таңдау кезінде мен өз қабілеттілігіме және оларды неғұрлым тиімді қолдануға және дамытуға сүйендім. Яғни, өзіңе деген сенімділік тергеуші жұмысында баса маңызға ие. Бірақ шын мәнінде қылмыстық іс тергеудің басынан бастап сотқа берілгенге дейін көп сатыдан өтеді. Тіпті тергеуші қарапайым тұрмыстық қылмысты - екеуара ішіп, бірін-бірі өлтірген кезде де, ол көптеген қажетті әрекеттерді орындайды, себебі түрмеге қамалуы мүмкін адамның тағдыры осыған байланысты. Маман оқиға болған жерді дұрыс қарап шығуға, дәлелдеу үшін қажетті іздерді алуға, баршадан жауап алуға, куәгерлерді анықтауға, барлық қажетті сараптамаларды тағайындауға, нәтижелерді күтуге және соңында айыптауды дұрыс жасауға тиіс. Осы орайда, ойыма мен тергеген қылмыстық іс оралып отыр. Мен Самар ауданында тергеуші болып қызмет атқардым. Аталған аймақтағы шаруа қожалығының біріне бұрын сотты болған Павлодар облысының тумасы жалданады. Ол көрші шаруа қожалықтағы жұмысшымен бас қосып, ішімдік ішеді. Кенеттен екі жұмысшы арасында дау өрбіп, арты жанжалға ұласып, бұрын сотты болған азамат көрші қожалықтағы бөтелкелесін пышақтап өлтіреді. Әккі қылмыскер пышағын мал суаратын науаның ішіне тығып қояды да, тергеу барысында қылмысқа қатысы жоқ екендігін алға тартады. Оқыс оқиға орын алған уақытта шаруа қожалығында күдікке ілігер адам саны да аз болғандықтан, әлгі күдіктіні бірнеше рет тергеуге тура келді. Алайда, темір тордың ар жағында жазасын өтеген жұмысшы тіс жармады. Айғақ болатын пышақты іздеп, малшы үйінің әлем тапырығын шығарған құқық қорғау саласының мамандарының көзіне өткір зат түспеді. Сол уақытта ішкі түйсігім маған сепкі болды. Мен жұмысшыға күнделікті жұмысы барысында қожалықтың қай жерінде өткізесің деп сұрақ қойдым. Ол мал су ішетін науадан басқа жерді түгелдей айна-қатесіз тізіп шықты. Оқиға орнына барған мен көз алдымыздағы науаны сөз етпегеніне күдік танытып, мал су ішетін орынға барып, науаның ішкі, жоғары тұсынан әлгі пышақты алып шықтым. Осылайша, саусақ іздерін тексеру барысында, бұрын сотты болған адамның кінәлі екені анықталды. Қанға малынған пышағын көрген күдікті бірден басы салбырап, ұнжырғасы түсіп, оқиғаның неден, қалай пайда болғанын бастан-аяқ толығымен баяндады.
- Тергеу барысында күдікті деп ойламаған адам қылмыскер атанады. Бұдан кейін қоршаған ортада әрбір қайманаға күдікпен қарап, тіпті қоршаған ортаңыздағы адамдарға деген сеніміңізге селкеу түспейді ме?
- Мен ешқашан маған жақын деген жайсаңдарға сенімімді жоғалтқан емеспін. Ауыр қылмыстардың талайын бойларын әп-сәтте ашу, ыза кернеген ,эмоциясын ұстай алмағандар жасайды. Психологиялық ауытқушылығы бар адамдар мүлдем бөлек. Олар қажетіліктерін қанағаттандырып, күнәға батқандарынан ләззат алады. Тергеушінің басты міндеті - алдын ала тергеу мерзімін сақтау, әрқашан бәрін үлгеріп, қылмыстық істер мен тексеру материалдары бойынша бұрмалаушылыққа жол бермеу. Қорыта айтқанда, қоғамда әділдік орнату, жазықсыз адамды қорғау және заң алдында барша азаматтың теңдігін қамтамасыз ету — менің басты межелі мақсатым.
- Тергеуші күдіктіге сұрақтың астына алмас бұрын, қылмыс орнын қаншалықты зерделейді?
- Иә, тергеушіге оқиға орнына жиі баруға тура келеді. Оқиға түріне қарай және егер қылмыскер анықталған жағдайда, онда мамандардың қатысуымен оқиға болған жерді тексергеннен кейін одан әрі тергеу әрекеттері қылмыскер, жәбірленушілер мен куәлар жеткізілетін тергеу бөлімінде жүргізіледі, олармен тәуліктің кез келген уақытында жұмыс істеуге тура келеді. Ең бастысы, бәріне де сабырлы қарау керек. Шынында да, әр түрлі қорқынышты нәрселерді көруге болады, бірақ, ең алдымен, өзіңді қолға алып, тергеу амалдарын орындау керек. Оқиға орнында пәтерде екі аптаға жуық жатқан мәйітті табуға болады. Осындай бөлмеде қандай иіс бар екенін елестетіп көріңізші! Бірақ, соған қарамастан, алдағы уақытта заңды және негізделген шешім қабылдау үшін жұмыс істеп, болған оқиғаның барлық себептерін анықтау қажет. Тек жұмыс барысында ғана өзін-өзі ұстауды үйренуге болады. Кез келген мамандық - тергеуші, дәрігер, мұғалім сүйіспеншілікті талап етеді. Кәсіпті сүймеуге болмайды. Яғни, атқаратын қызметіңді жан-тәніңмен қабылдап, сүйіп, күнделікті жұмысқа күлімсіреп бару керек. Әйтпесе, жұмыс қуаныш тудырмайды және көп жылдар бойы тергеуші мамандығында жұмыс істеу мүмкін болмайды.
- Тергеу барысында қандай заманауи технологиялар қолданылады?
- Қазіргі таңда біз электронды ақпараттық базалармен, криминалистикалық сараптама құралдарымен және бейнежазба арқылы жауап алу жүйесімен жұмыс істейміз. Сонымен қатар, деректерді сараптауға арналған заманауи бағдарламалар бар. Соңғы он жылда біз, әрине, технологиялық тұрғыдан үлкен серпіліске ие болдық. Әрине, бұл, әсіресе, мұндай сараптамалар болмаған кезде жасалған ескі қылмыстармен жұмыс істеу кезінде өте көмектеседі. Егер біз қолдана бастаған техникалық құралдар туралы айтатын болсақ, иә, шынымен де оңай болды. Мысалы, қазір барлық жерде генетикалық сараптама енгізілуде - бұл адамның кінәсін дәлелдеудің анағұрлым дәл тәсілдерінің бірі. Мысалы, қылмыс орнында кісі өлтіру құралы табылып, оны дұрыс алып қойған жағдайда бұл барлық қылмыстың ашылуының 90% -ына кепілдік береді. Бұрын, мысалы, ұялы телефондар барлығында болған жоқ, ал енді - қараңызшы, барлығында бар. Ұялы телефон дегеніміз не? Иә, онда өмірдің жартысы, цифрлық іздер, есептер мен қозғалыстар туралы деректер, қарым-қатынас шеңбері бар! Ұялы телефонды тауып, адам туралы бәрін білуге болады. Қорыта айтқанда, цифрландыру біздің қызметке оң нәтиже береді.
- Тергеушінің бойынан табылуы қажет ең басты қасиет қандай?
- Адамдармен жұмыс істей білу, қарым-қатынас жасай білу керек. Құжаттарды дұрыс жасау аз, сен дәлелдемелерді жинаған кезде адамдардан ақпарат аласың ғой. Қылмыскер қарсылық көрсетпейтіндей етіп сызба жасап, қолда бар ақпаратты, тергеу әрекеттерінің тәртібін талдай білу үшін шығармашылық ойлау керек. Бұл тұрғыдан тергеуші - ойлау жұмысын талап ететін шығармашылық кәсіп. Басты жетістік — ауыр қылмыстарды ашып, әділетті орнату. Әрбір жабылған іс пен зардап шеккен адамның ризашылығы — біз үшін үлкен нәтиже. Сондықтан менің міндетім - адамның қылмыстық жауапкершіліктен құтылып кетпеуін қамтамасыз ету. Әдетте, олар сотталған адамдар. Олар өздерін қорғауға тырысады. Оларды кінәсіз деп санайтын нұсқаны ойлап табу керек. Бұның алдын алу үшін барлық тергеу әрекеттерін сауатты жүргізу қажет. Кейбір куәлар шындықты айтуға қорқады немесе жалтаруға тырысады. Ал күдіктілер жиі жалған ақпарат беріп, тергеуді қиындатады. Бұл жағдайда тәжірибе мен психологиялық дайындық өте маңызды. Тергеушінің ең алдымен нәзік психолог және жақсы әртіс екенін айтпағанда. Жұмыста, ең алдымен, заңдарды білу, іс-қимылдар алгоритмі, қызметтің барлық салаларындағы білім көмектеседі. Алайда адам бәрін біле алмайды, сондықтан әрқашан бастапқы көздерге жүгінуге, ақпарат алуға, өзінің біліктілігін үнемі арттыруға тура келеді. Сонымен қатар, кез келген жағдайда қандай да бір сұрақтар туындаған кезде әрқашан басшылыққа кеңес алуға болады, ол әрқашан тиісті бағытқа бағыттайды. «Тергеуші» кәсібі жан-жақты, өмірлік, өйткені заңгер болып қана қоймай, заңды біліп, шебер қолдануға, сондай-ақ психолог болуға, оның үстіне кәсіби психолог деңгейінде, белгілі бір жағдайда қолдау мен көмек көрсеткен «дос», әлдебір жерде қатал ата-ана мен тәрбиеші, тіпті сол жерде алғашқы көмек көрсеткен дәрігер болуға тура келеді.
- Қазіргі таңда Өскемен қаласында қандай қылмыс түрлері жиі орын алуда ?
- Қазір Өскемен қаласында қылмыстың азаюы байқалады. Ағымдағы жылдың алғашқы бес айы мен өткен жылдың бес айын салыстырғанда жүз қылмысқа сиреген. Десе де қылмыстық әлем ұйықтамайды, бірақ ізі де босаңсымайды. Айталық, 90-шы жылдары қарақшылық, тонау, ұрлық көп болған. 2000-шы жылдар қорқытып, әлімжеттік таныту, зорлық зомбылық көрсету белең алды Қазір ақпараттық технологиялардың даму дәуірінде банк шоттарынан ақшаны қашықтан ұрлауға байланысты алаяқтық қылмыс түрлері күрт көбейді. Бұл ретте ұрлық сомасы бірнеше мыңнан бірнеше миллионға дейін болады. Ірі несиелерді рәсімдеп, сосын төлейді, ал ақшаны алаяқтарға аударады. Көбінесе қоңырау шалып, өздерін банк қызметкерлері ретінде танытады. Жәбірленушіге оның есепшоты бойынша қаражатты заңсыз есептен шығару жүріп жатқанын хабарлайды және ақшаны «сақтап қалу» үшін картаның нөмірін және картаның артқы жағындағы үш таңбалы нөмірді атауды ұсынады. Барлық деректер хабарланғаннан кейін ақша қаражаты ұрланады. Немесе ақшаны алаяқтардан сақтау үшін қауіпсіз шотқа аударуды ұсынады. Одан қалса сіздің тұрғылықты мекенжайыңызға сіз тапсырыс берген тауар келіп тұр. Тезірек алып кетіңіз дейді. Осылайша, сізге күтпеген қуаныш сыйлау арқылы, банк картаңыздың құпия сандарын білуге түрлі айла-тәсілмен барын салады.
- Қылмысқа ұрынбау үшін қала тұрғындарына қандай кеңес берер едіңіз?
Қылмыс жасауға бейім адамдар тұратын жерлерге баруға болмайды. Агрессивті адамдармен текетіресіп, қайшылыққа түсудің қажеті жоқ . Тәуліктің қараңғы мезгілінде қалтарысы көп қараңғы көшелерде жүрудің кеңес бермеймін. Көптеген қылмыстар соның ішінде алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде жасалады.Сондықтан дастарханына аққайнары қойылған ортадан бойыңды алшақ ұстаған жөн.
Полиция майоры әрбір адам қылмыстарды ашуға өз үлесін қоса алатынын және тергеуге көмектесетінін атап көрсетті. Егер тергеушінің сұрақтарына жауап беруден қорықпай, қылмыстың куәгері болсаңыз, қырағы болу жеткілікті. Түптеп келгенде, әркім бейнебақылау камерасының назарына ілікпеген, д басқа адамдардың көмегі қажет болатын даулы қиын жағдайға тап болуы мүмкін. Сондықтан қылмыстық істің әділ жабылуына куәгерлердің де тигізер септігі мол.
- Жас тергеушілерге берер кеңесіңіз болса?
- Жас тергеуші мақсатты, ұқыпты, күшті мінез-құлықты және оны қашан көрсетуге болатынын білуі керек. Сондай-ақ, әккі психологтың қасиеттеріне ие болу керек, өйткені тергеуші әртүрлі адамдармен жұмыс істейді және кіммен қарым-қатынас жасаудың қандай әдіс-тәсілдерін таңдауды ескеру қажет. Сонымен қатар, тергеушінің айтуынша, олардың жұмысы телефильмдердің динамикалық сюжеттерінен ерекшеленеді, алдағы уақытта соттың әділ шешімі үшін қажетті хаттамалар мен басқа да құжаттарды жасауға көп уақыт кетеді. Сонымен қатар, полиция майоры мамандыққа қызығушылық танытқан жастарға құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлерінің көркем туындыларын оқуға кеңес береді, сонымен қатар, төзімді, шыдамды болуға шақырады. Жас тергеушілерден заңнаманы жетік білу, логикалық ойлау, жауапкершілік және адалдық талап етіледі. Сондай-ақ олар психологиялық тұрғыда да тұрақты болуы тиіс. Тергеушінің жұмысына алғаш рет тап болғанда, теория бұл жерде ең басты нәрсе емес екенін түсінесің. Басты міндет - бұл күрделі жұмыстың ерекшелігін түсіну, тергеушінің ешқашан аз болмайтын міндеттерін іс жүзінде орындауға үйрену. Бірінші кезекте, тергеуші лауазымына үміткер мақсатты, стресске төзімді және эмоциялық емес болуға тиіс. Қарым-қатынас және барлығымен ортақ тіл таба білу - тергеуші үшін де міндетті қасиеттер.
- Қазақстан полициясы күніне орай айтар жылы лебізіңіз болса, мархабат?
- Әуелі, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыщ етуде қырандай қырағылық танытатын полиция қызметкерлерін кәсіби мерекелерінме шын жүректен құттықтаймын.. Қылмысты болдырмауға барын салып, орын алған қылмысты ашуда немесе қылмыскерді ізін суытпай құрықтауда батылдық танытудан тайынбайтын жүрегі түкті құқық қорғау қызметкерлері көздеген мақсаттарына жетіп, ел қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті жіті бақылауда ұстап оны сақтау жолындағы жанкешті еңбектерінің жемісін көрсін. Осы орайда қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ерліктің ерен үлгісін көрсетуден аянбайтын Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің сарбаздарына айтар алғысым шексіз. Егер менен қылмыстың алдын алатұғын кімдер десе, мен құқықтық тәртіп әскерінің жауынгерлерін көрсетер едім. Өйткені, ұландықтардың қала көшелерінде алшаң басып адымдағаны сұрқия ойы бар қылмыскердің мысын басып, қитұрқы ойынан айнытады.
- Сүбелі сұхбатыңызға рахмет!
Лейтенант Рүстем Мұхамет-Рақым, Өскемен қаласы