Елордадағы «Жастар» сарайында «Children Paralympic Games-2025» инклюзивті-спорттық фестивалінің салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальге еліміздің барлық өңірінен 450-ден астам жас параспортшы қатысты, деп хабарлайды DKnews.kz.
«Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының директоры Нұргүл Ұлжекованың айтуынша, инклюзивті-спорттық іс-шара «Самұрық-Қазына Траст» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Саламатты болашақ» жобасы аясында өткізіліп отыр.
«Бұл фестивальді алғаш рет 2018 жылы ұйымдастырдық. Ол кезде тек елордалық спортшылар арасында өтті. Ал 2020 жылдан бастап республикалық деңгейге шықты. Биыл ол инклюзияны дамытуға қолдау білдіріп отырған 20 қаланы біріктіріп отыр. Мүмкіндігі шектеулі және дамуында ерекшелігі бар балалар 10 спорт түрінен сайысқа түсіп жатыр. Сонымен қатар денсаулығы қалыпты құрдастары да қатысуда. Мұнда спортпен қатар шығармашылық бағыт та бар – би топтарының байқауы өтуде. Барлық қатысушы өз жасына, жынысына және даму ерекшелігіне сай номинациялар бойынша өнер көрсетеді. Бірақ жеңілгендер болмайды. Мұнда ешкім өзіне лайық марапатсыз кетпейді. Балалар үшін спорт пен шығармашылықта өз таланттарын көрсету өте маңызды. Кейбірі спорт пен ерекше балалар үйлеспейді дейді. Ал шын мәнінде, спорт оларға өте қажет. Спорт арқылы олар өз бетімен әрекет етуге үйренеді. Көп жағдайда ата-аналар балаларын қамқорлыққа алып, олардың өздері істей алатын істі өздері жасап береді. Ал жарыс, жауапкершілік пен дербестік ерекше балалардың әлеуметтенуіне, өмірден өз орнын табуына, дос табуына көмектеседі», – деді Нұргүл Ұлжекова.
Фестивальге қатысушылардың барлығы – өңірлік жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Турнир бағдарламасында инклюзивті би байқауы, бейімделген каратэ, таэквондо, футбол, сал церебралды параличке бейімделген футбол, пионербол, бочча, теннис, жүзу спорт түрлері бойынша жарыстар қамтылған.
«Мен – ерекше қыздың анасымын, есімі – Жания. Ол 13 жаста, 8 жылдан бері елордалық «Еркелер» ансамблінде хореографиямен айналысып келеді. Біз жыл сайын барлық фестивальге қатысамыз. Сахна баланы шыңдайды, ынталандырады, өсуіне және дамуына мүмкіндік береді», – дейді фестивальге қатысушы қыздың анасы Әсемгүл Бектұрғанова.