Тастай берік болмыс, гүлдей нәзік мінез

2211
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Әскери сала – ер-азаматтың ғана емес, рухты, батыл әйелдердің де ортасы. Ұлттық ұланның Ақтөбе қаласындағы 6655 әскери бөлімінде 17 жылдан бері абыройлы қызмет етіп келе жатқан кіші сержант Жансая Сабыркерейқызы – осы сөзімізге айқын дәлел. Балалық арманнан басталған жол, жауынгерлік қызметке деген адалдық, түрлі сынақтар мен салмақты шешімдер – бәрі де бір әйелдің тағдырына жүк боларлық оқиғалар. Біз онымен кезекті іссапар кезінде тілдескен едік.

«Бала күннен форма киюге қызықтым. Бірақ жалғыз қыз болғандықтан, әкем бұл арманыма қарсы болды», – деп еске алады Жансая Сабыркерейқызы өткен күндерін. Оның айтуынша, алғашқы талпынысы сәтсіз аяқталғанымен, арман оты жүректе өшпеген. Университетті аяқтаған соң Ақтөбедегі колледжде алты жыл бойы бейнелеу өнері мен сызу пәнінен сабақ беріп, әдістемеші ретінде еңбек еткен.

2008 жылдың қазан айында әскери бөлімнің клубына шығармашылыққа жақын адам қажет деген хабарды естіп, бақ сынап көрмек болады. Бұл – бала күнгі арманының жүзеге асуына алғашқы қадам еді. Алғашқыда кітапхана меңгерушісі ретінде еңбек етіп, бір жағынан өз орнын таппағандай күй кешкенін де жасырмайды.

«Әскери адам тек жауынгерлік қызмет атқарады деп ойлайтынмын. Сол себепті алғашқы жылдары өзімді бөтен сезіндім. Бірақ ұзақ тексеріс пен алғашқы тәжірибеден кейін әскери ортаға бейімделіп, 2009 жылы бақылаушы қызметіне ауыстым», – дейді ол.

Жансая Сабыркерейқызы 1-атқыштар ротасының бақылау-өткізу пунктінде күндізгі және түнгі ауысымдарда екі жыл қызмет еткен. Кейін қызмет орны өзгеріп, Ақтөбе қаласындағы №8 түзету мекемесінің кездесу бөлмесіне ауысады. Қазір ол сотталғандар мен олардың туыстары арасындағы байланысты қамтамасыз етіп, сәлемдемелерді қабылдайды, бақылау жүргізеді.

Жауапкершілігі жоғары бұл қызмет оңай емес. Әсіресе, алғашқы кезде келген аналардың көз жасына ерік беріп, бірге жылап, бірге күлген сәттерін еске алады. Бірақ уақыт өте келе өзін де, көңіл-күйін де қатаң тәртіпке үйреткен.

«Көп өтпей  бұл қызметтің маңыздылығын терең түсіне бастадым. Әскери адам жай ғана уақыт өткізу үшін емес, аса жауапты міндетті арқалау үшін жұмыс істейді», – дейді кіші сержант.

Ол қызмет барысында түрлі оқиғаларға да куә болған. Бірде сотталған адамның әйелі оның үстінен шағым түсірген. Алайда бейнетіркеу құрылғысын қолдану, ереже мен заңды бұлжытпай орындау нәтижесінде барлық тексеріс Жансая Сабыр-
керейқызының әділ әрі адал әрекет еткенін көрсеткен.

«Келушілердің кейбірі пара беруге ұмтылады, түрлі қулыққа барады. Бірде қазақтың етінің ішінен ұялы телефон, симкарта мен қуаттағыш табылды. Тағы бірде қарындаш қорабының ішінен симкарта шықты. Осындай жағдайларда келушілердің ашуы, өкпесі байқалып тұрады. Бірақ біз эмоцияға бой алдырмауға тиіспіз», – дейді ол.

Ол қызметтік адалдық пен темірдей тәртіпті бәрінен жоғары қоятынын айтады.

Жансая Сабыркерейқызы тек қызметте ғана емес, отбасында да қатал тәртіп пен қазақы тәрбиені басты орынға қоятын жан. Балаларын да осы бағытта өсіріп келеді. Әкесі – қарапайым механиктен басшыға дейінгі лауазымнан өткен білікті маман болды. Ал анасы ұзақ жылдар ұстаздық еткен. Анасы жас күнінде үш бағыт бойынша білім алыпты. Нәтижесінде ұстаз, қосымша медбике және ішкі істер органдарының қызметкері секілді мамандықтарға жолдама алған. Ол кісінің де шені бар – запастағы полиция лейтенант.

 «Анам бізді қатал тәрбиеледі. Мен де балаларымды сол жолмен тәрбиелеудемін. Өйткені білім мен тәрбиеге сүйенген адам ғана табысқа жетеді», – дейді ол.

Ұлы шекара қызметінде Отан алдындағы борышын өтеген. Жансая Сабыркерейқызы бастапқыда оның әскерге баруын қаламағанын жасырмайды: «Бірақ ол өзі шешім қабылдап, кетіп қалды. Алты ай бойы хабар болмады. Қиын шақтар өтті. Бірақ абыроймен оралды. Өкінбеймін», – дейді мейірбан ана.

Кіші сержант Жансая Сабыркерейқызы – әскери салада жүрген әйел әскери қызметшілердің жарқын үлгісі. 17 жылдық адал қызмет, түрлі сынақтар мен сындарлы сәттер оны шыңдай түсті. Ол сонысымен де айналасындағы жас буынға еңбек пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келеді.

«Жастарға айтарым, жастық шақта абырой жинап үлгеру керек. Кейін бедел өзіңе пайдасын тигізеді. Қазір жастар жұмысты тек ақша үшін істейді. Осы жайт менің көңіл-күйімді түсіреді. Сондықтан ізімізді басып келе жатқан іні-сіңілілеріміз ойланса екен», – деп түйіндеді ол әңгімесін.

Кейіпкеріміз келер жылдың басында зейнетке шығады. Сол кезде бар уақытын отбасына, әсіресе бастауышқа баратын баласына арнауды көздеп отыр. Оның пайымынша, адамның іргетасы – балалық шақта, бастапқы кезде қаланады.

Қатардағы Жанболат КЕНЖЕҒҰЛ,

Астана-Ақтөбе-Астана

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -