Астананың Ботаникалық саябағында бүгін ерекше серуен өтті. «Әдемі қартаямыз!» атты ұранмен өткен скандинавиялық серуенге 100-ден астам зейнеткер қатысып, белсенді өмір салтының үлгісін көрсетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Қатысушылар деңгейіне қарай бірнеше топқа бөлініп, саябақ ішіндегі белгіленген қашықтықты жүріп өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Алғашқы екі топ 3400 метрді, келесі топ 3000 метрді, ал бастаушылар 1800 метрді жүріп өтті. Барлығы скандинавиялық жүріс техникасын қолданды.
Шара барысында зейнеткерлерге тәжірибелі жаттықтырушы, ҚР еңбегі сіңген спорт қызметкері Туғанай Бейсембаева шеберлік сабағын өткізді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – егде жастағы адамдардың өмір сапасын жақсарту, денсаулығын нығайту және белсенді қартаю мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шара барысында Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Мұхтар Еркетаев әдемі қартаюдың құпиясымен бөлісіп, өз замандастарына егде жаста да белсенді өмір сүрудің маңыздылығын айтты.
«Белсенділік – бұл тек қозғалыс емес, бұл – ойдың сергектігі, айналаңмен араласу, жаңа нәрсені үйренуге ұмтылыс. Егде жас – бұл тоқтау емес, жаңа белес», – дейді Мұхтар Дүйсенұлы.