Стартап тендерге қалай қатыса алады: Қазақстанның мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістер

1386
Фотосурет: freepik

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне (ЦДИАӨМ) қарасты Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитеті Astana Hub-пен бірлесіп, стартаптардың мемлекеттік сатып алу жүйесіне қатысу ережелерін жеңілдетті, деп хабарлайды DKnews.kz.

Жаңа ережелерге сәйкес, еліміздегі мыңға жуық стартап енді мемлекеттік сатып алуларға қатысуға және қаржылық тұрақтылық деңгейін растауға мүмкіндік алады. Стартаптар — жұмыс істеу тарихы шектеулі және қаржылық көрсеткіштері салыстырмалы түрде төмен жас компаниялар. Осы себепті олар бұрын қаржылық тұрғыда тұрақсыз деп бағаланып, бұл олардың рейтингін төмендеткен. Тиісінше стартаптардың мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігі шектелген.

ЦДИАӨМ бұл талаптарды қайта қарау жөнінде бастама көтеріп, оларды жеңілдетуді ұсынды.

«Бүгінгі таңда біздің ұсынысымыз мемлекеттік органдар тарапынан қолдау тапты. Бұрын стартаптар осы талаптың кесірінен автоматты түрде мемлекеттік сатып алулар жүйесінен шығарылатын, бұл оларды өз шешімдерін мемлекетке ұсыну мүмкіндігінен айырды. Енді жаңа ережелерге сәйкес бұл кедергі жойылды. Нәтижесінде Astana Hub қатысушыларының барлығы, соның ішінде Сенімді бағдарламалық қамтамасыз ету тізіліміне енгендер де мемлекеттік сатып алулар жүйесіне толыққанды қатыса алады», — деп атап өтті Жасанды интеллект және инновацияларды дамыту комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсынов.

Бұл бастама Ұлттық кәсіпкерлер палатасы (ҰКП) мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің қолдауына ие болды. Сонымен қатар, жаңа ережелер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен бекітіліп, жақын арада күшіне енеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -