Қазақстан экспорты кеңейіп жатыр: БАӘ-мен Тегін сауда туралы келісім жасалынды

1331
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 27 маусымда Минск қаласында ЕАЭО мүше мемлекеттері басшылары деңгейіндегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы шеңберінде Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық серіктестік туралы келісімге және Бір тараптан Еуразиялық экономикалық одақ пен оған мүше мемлекеттер және екінші тараптан Моңғолия арасындағы уақытша сауда келісіміне қол қойылды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Екі халықаралық шарт тараптар арасындағы бажсыз сауданы қамтамасыз ететін еркін сауда келісімдері болып табылады.

ЕАЭО-ның Біріккен Араб Әмірліктерімен келісімі шеңберінде өзара саудадағы тауарлардың 85%-не қатысты кедендік мерзімсіз негізде әкелу баждарын алып тастау туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Тараптар арасындағы сауданы реттеу саласындағы стандартты ережелерден басқа, ЕАЭО-БАӘ Келісімі электрондық сауда, салалық ынтымақтастық, шағын және орта кәсіпорындар және т.б. салалардағы өзара іс-қимылды дамытудың озық нормаларын қамтитыны атап өтіледі. Бұл ретте кедендік әкелу баждарының күшін жою өзара сауданы дәйекті түрде ырықтандыру мақсатында әртүрлі өтпелі кезеңдердің шеңберінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.

Өз кезегінде, ЕАЭО мен Моңғолия арасындағы келісім тауарлардың қамтылуы шектеулі уақытша келісімді болып, әрбір тараптың негізгі экспорттық мүддесінің 367 тауар позициясына қатысты сауданың преференциялық режимін бекітеді. ЕАЭО-Моңғолия келісімі үш жылға жасалып, тараптардың келісімі бойынша одан әрі үш жылдық мерзімге ұзартылуы мүмкін екені атап өтіледі.

БАӘ-мен орнатылатын преференциялық сауда режимі шеңберінде қазақстандық экспорттаушылар ІҚМ және ҰҚМ еті, құс еті, сүт өнімдері (сүт, йогурт, ірімшіктер), жұмыртқа, бал, көкөністер, бұршақ дақылдары (асбұршақ, үрмебұршақ), алма, дәнді дақылдар (бидай, арпа, сұлы, күріш), ұн, жарма, өсімдік майлары (күнбағыс, рапс), кондитерлік өнімдер және шоколад, шырындар, сулар және т.б., сондай-ақ химия өнеркәсібі өнімдері (полимерлер, пластмассадан жасалған бұйымдар), тыңайтқыштар, бояулар, тұрмыстық химия (сабын, жуғыш заттар), ағаш өңдеу және жеңіл өнеркәсіп өнімдері (маталар, трикотаж, киім), металлургия өнімдері (ферроқорытпалар, темір прокаты, шыбықтар, бұрыштар, құбырлар, қара және түсті металдардан жасалған металл конструкциялары мен бұйымдар), машиналар мен жабдықтар, трансформаторлар, сымдар және т.б. өнімдерді бажсыз негізде жеткізуге мүмкіндік алады.

Моңғолиямен Келісім аясында бизнес кедендік әкелу баждарының төмендетілген мөлшерлемелері бойынша немесе бажсыз (оның ішінде тарифтік квоталар шеңберінде) дәнді дақылдар (бидай, арпа, жүгері), құс еті, сүт өнімдері (йогурттар, ірімшік, май), бал, өсімдік майлары (күнбағыс майы), қант, шоколадты-кондитерлік өнімдер, нан-тоқаш өндірісі өнімдері, сулар, шырындар, джемдер, алкогольдік сусындар мен темекі өнімдері және т.б., сондай-ақ металлургия өнімдері (ферроқорытпалар, прокат, шыбықтар, құбырлар), трансформаторлар, көлік құралдары (локомотивтер, автомобильдер), химия өнеркәсібі өнімдері (полимерлер, пластмассадан жасалған бұйымдар) және т.б. өнімдерді жеткізуге мүмкіндік алады.

Осылайша, бұл серіктестермен еркін сауда туралы келісімдер жасасу Қазақстанның преференциялық сауда келісімдерінің желісін кеңейтіп, экспорттық бағыттарды әртараптандырады. Бажсыз сауда режимін орнату қазақстандық өнімдердің әріптестердің нарығына экспортын арттыру үшін қолайлы жағдай құрып,  сауда-экономикалық қатынастарды бекіту үшін маңызды қадамға айналады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -