Акцизделетін тауарлардың заңсыз айналымының жолын кесу және салық заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тексеру іс-шараларын жүргізу бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылдың басынан бастап алкоголь өнімін сатуды жүзеге асыратын субъектілерге ауқымды тексерулер жүргізілді. Анықталған бұзушылықтардың жалпы сомасы 200 миллион теңгеден асты.
Қолданыстағы заңнама талаптарын бұза отырып, алкоголь өнімін өткізу, сақтау және тасымалдаудың 800-ден астам фактісі анықталды. Акциздік маркалармен таңбаланбаған не тиісті лицензиясыз сатылатын 37 мың литрден астам спирттік ішімдіктер заңсыз айналымнан алынды.
Осыған ұқсас іс-шаралар аясында темекі өнімдерінің айналымы саласында акциздік маркалары жоқ 13 мыңнан астам қорап темекі тәркіленді. Алынған заңсыз өнімнің сомасы 6 миллион теңгеден асады.
Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: алкоголь және темекі өнімдерін тиісті лицензияларсыз, акциздік маркаларсыз және ілеспе құжаттарсыз өткізу Әкімшілік не қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.