Қазақ театрлары балаларға не бере алады – мамандар пікірі

1397
Фотосурет: freepik.com / ЖИ арқылы жасалған

Қазіргі қазақстандық балалар театры тек дәстүрлі форматта ғана емес, заманауи үлгіде де дамып келеді, деп хабарлайды DKnews.kz.

Ол иммерсивті, инклюзивті, мобильді бола алатын, балалармен бір тілде сөйлейтін жаңа кеңістікке айналуда. Театр жай ғана қызықты қойылым емес, баланың немесе жасөспірімнің тұлғалық дамуына әсер ететін қуатты құрал. Әр спектакль жас көрермен үшін ерекше тәжірибеге айналады. Мақалада сарапшылар бүгінгі балаларға театрдың қандай әсері бар екенін түсіндіреді. Театр сыншысы Ольга Малышева театрды әлемді танудың баламалы тәсілі, жаңа әсер мен тәжірибе алудың ерекше жолы деп санайды.

«Қазіргі балалар үшін әсер алудың көптеген жолдары бар – спорт, кино, онлайн контент. Дәстүрлі театр оларға бәсекелес бола алмайтындай көрінуі мүмкін. Бірақ бүгінгі таңда театрдың жаңа түрлері бар: иммерсивті және инклюзивті қойылымдар, спектакль-дәрістер мен спектакль-экскурсиялар. Мұндай форматтар көрерменді тек бақылаушы емес, сол оқиғаның бір бөлшегі, бірге жасампаз болуға шақырады. Қазіргі театр тәрбие құралы емес, әлемді тану мен іштей дамудың тәсілі. Осы тұрғыдан алғанда, ерекше формалар мен өзекті тақырыптарға жүгінетін балалар театры өте маңызды бола алады», – дейді сарапшы.

Алматыдағы Бас ботаникалық бақтың маркетинг жөніндегі директоры Баян Коспенбетова биыл бақта ерекше балалар мен отбасыға арналған иммерсивті аудиосеруен – «Бақ сақшысының құпиялары» жобасының іске қосылғанын айтты. «Біз иммерсивті форматтағы серуендерді бұрын да жасап көргенбіз. Биыл жазда балалар Ботаникалық бақтың аллеяларымен қызықты саяхатқа шығады, өсімдіктер туралы танымдық ақпарат алады. Шығармашылық форматта біз табиғатқа ұқыпты қарау керегін жеткізіп, экожүйедегі әрбір элементтің маңызын түсіндіреміз. Променад жаз бойы тегін өтеді. Жоба 7 жастан жоғары балаларға арналған», – деді ол.

Балалар спектакльдеріне тұрақты бару маңызды, дейді балалар психологы Елена Горячева. Оның айтуынша, театрда актерлер мен режиссерлер ертегілерді шынайы әрі әсерлі етіп сахналайды. «Театрдағы кейіпкерлер мультфильмдердегідей бәрін шетінен қырып-жоймайды. Керісінше, баланың шынайы эмоцияларын оятады. Цифрлық дәуірде өскен балалар сырттай суық көрінгенімен, ішкі болмысы 20 немесе 100 жыл бұрынғы балалардан еш кем емес. Ертегілерде үнемі жақсылықтың орнауы, кейіпкердің қиындықтарды еңсеріп, дамуы бар – бұл балалар үшін өте маңызды тәжірибе», – дейді маман.

Психолог ертегілер арқылы балалармен диалог орнатудың маңызын қарапайым түрде түсіндіреді: бұл – әлем туралы шифрланған ақпаратты жаңа ұрпаққа жеткізудің ең жеңіл жолы. «Ертегілерде әрдайым шытырман оқиғалар, сиқыр, кейіпкердің жалқаулықты немесе қорқынышты жеңуі, достықтың беріктігі, батылдық, адалдық, шынайы махаббат пен жақсылықтың жеңісі бар. Ең бастысы – бас кейіпкер барлық сынақтардан өтіп, ақылдырақ, батылырақ, есейіп, өз үйіне өзіндік жаңа, жақсы нұсқасында оралады. Біздің басты міндетіміз – осы ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын даналықты жеткізуді тоқтатпау», – дейді маман.

Балаларға арналған қойылымдардың саны көп болғанымен, контент толық қамтылмаған. Бұл мәселеге журналист әрі редактор Дина Устиненко назар аударады. «Балалар театры саласындағы таңдау өте шектеулі. Қойылымдардың басым бөлігі не кішкентайларға, не жасөспірімдерге арналған. 9–11 жас аралығындағы балаларға арналған сапалы контент жетіспейді. Келесі жас топтарына арналған ұсыныстар да әлсіз. Үлкен ұлыммен Тоталды театрға, кіші қызыммен Қуыршақ театрына баруды ұнатамыз. Балаларға театр ұнайды, және олардың осы қызығушылығы, көргенін талқылауға ынталары сөнбесін дейміз. Бұл ретте интерактивті, иммерсивті қойылымдарды сахналап жүрген режиссерлердің тәжірибесі көмектесе алады. Сондай-ақ балаларға арналған гастрольдік қойылымдардың көбірек болғанын қалар едік», – деп бөлісті ол.

Балаларға арналған іс-шараларды ұйымдастырушылар көрермендердің осындай тілектерін жақсы біледі, бірақ гастрольдік қойылымдардың өзіндік қиындықтары бар. Kids Show ивент-компаниясының өкілі Рахим Даировтың айтуынша, шетелдік шоуларды шақыру әлі де қымбатқа түседі. «Біз 3 жастан бастап балаларға арналған интерактивті шоулар дайындаймыз. Қазір жақсы, трендке сай контент жетіспейді. Шетелдік жобаларды әкелу – өте шығынды, сондықтан танымал ойындар желісімен жергілікті актерлермен қойылым қою тиімдірек. Бірақ бұл жерде авторлық құқық мәселесі туындайды. Біз шоуымызды барынша қолжетімді етуге тырысамыз, соған қарамастан, кейде зал жинау қиынға соғады. Билет аясында қосымша бонус ұсынамыз: тегін фотосессия, сыйлықтар ойнатылатын лотерея, балаларға арналған тәттілер. Алайда шет өңірлерде көрермен тарту оңай емес», – дейді ол. Айтуынша, бұл сала әлі де маусымдық сипатта. Аймақтарда билеттің бағасы шамамен 3000 теңгеден басталса, ірі қалаларда 3000–15 000 теңге аралығында болады. Маманның пікірінше, балаларға арналған контент демеушілердің қолдауымен ғана кең қолжетімді бола алады.

Freedom Ticketon компаниясының маркетинг бөлімінің жетекшісі Анна Воронина да бұл пікірмен келіседі. «Біз балалар іс-шараларын ұйымдастырушыларға билет бағасына мұқият қарауға кеңес береміз. Тәжірибеміз бойынша Қазақстанда ең сәтті формат – цирктік қойылымдар. Цирк бар қалалардың бәрінде мұндай шараларға адамдар қуана барады», – дейді ол. Оның айтуынша, бұған бірнеше себеп бар: гастрольдік бағдарламалар әдетте 2–3 айға созылады, билет бағасы 2000 теңгеден басталады. «Алғашқы қойылымдарға көрермен жинау қиын, бірақ одан кейін ауызекі жарнама іске қосылады – бүкіл сыныппен келетіндер көбейеді. Балалардың театрға жиі барып, рухани дамығанын қалаймыз», – дейді спикер.

Freedom Ticketon компаниясының CEO-сы Виктория Торгунакова театрдың басты артықшылығы – тірі энергия, көрерменнің шынайы қатысуы және мүлде жаңа тәжірибені бастан кешіру екенін атап өтеді. «Балалар қойылымдары коммерциялық жобалар мен гастрольдік шоулармен бәсекелесуге мәжбүр. Соның салдарынан классикалық театрлар көбіне тек кішкентай балалардың ата-аналарының қызығушылығына ие болады. Интерактивті форматта, арнайы эффектілері бар қойылымдар ұсынатын жеке театрлар әлдеқайда табысты. Алайда мұндай деңгейдегі іс-шараларға көп қаржы қажет, бұл билет бағасына тікелей әсер етеді. Көпбалалы отбасылар бірден бірнеше баланы театрға апаруға үнемі мүмкіндік таба бермейді. Сондықтан билет құны – ата-ананың шешіміне әсер ететін ең маңызды факторлардың бірі», – дейді ол.

Сонымен қатар, баланың өзі қайда барғысы келетінін сұрасаңыз, ол көбіне цирк, сауда ойын-сауық орталығы немесе саябақты таңдайды – бұл да театрдың жанама бәсекелестері. Сарапшының пікірінше, театрға деген қызығушылықты, ең алдымен, ата-аналар оятуы керек. Ал ұйымдастырушылар қазіргі заманға сай контентті қолжетімді етіп, демеушілерді тарту арқылы театр мәдениетін бала кезден дамытуға үлес қоса алады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -