ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті Ақмола облысы мемлекеттік органдарының тәртіптік комиссияларының 2025 жылдың І тоқсанындағы жұмысын талдау қорытындысын шығарды, деп хабарлайды DKnews.kz.
2025 жылдың І тоқсанында 173 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде мемлекеттік органдардың және өзге де уәкілетті органдардың тәртіптік комиссияларының ұсынымдары бойынша - 11, тәртіптік комиссияда қараусыз - 162 мемлекеттік қызметші жазаланды.
«Жүргізілген талдау нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану тәртібінің бұзылғаны анықталды, бұл тәртіп Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңында және мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану қағидаларында белгіленген. Атап айтқанда, жазбаша түсініктемелерді сұрату мерзімдері мен тәртіптік жаза қолдану мерзімдерінің жүйелі түрде сақталмауы орын алған» Деп Департамент басшысы Думан Әбілев мәлімдеді
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші атқарып жүрген лауазымынан заңсыз төмендетілгені анықталды. Департаменттің хаты негізінде аталған құқыққа қайшы актінің күші жойылып, қызметші бұрынғы лауазымына қайта тағайындалды.
Тәртіптік комиссиялардың құрамын қалыптастыру тәртібінде бұзушылықтар анықталды: жұмыс берушілер сайланбалы әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тәртіптік жауапкершілігіне қатысты мәселелерді қарауға құзыреті бар өкілдерді — мәслихат депутаттары мен жергілікті қоғамдастық мүшелерін комиссия құрамына енгізбеген.
Тәртіптік жазаларды мерзімінен бұрын алу рәсімі бұзылуда: мұндай шешімдер оларды ұсынуға құзыреті жоқ тұлғалардың негізінде қабылданған фактілер тіркелді. Сонымен қатар, тәртіптік жаза қолдану туралы актілермен және тәртіптік комиссия отырыстарының хаттамаларымен қызметшілерді міндетті түрде таныстыруды көздейтін заңнама талаптарына қарамастан, бұл талаптың орындалмаған жағдайлары орын алған.
Жүргізілген талдау нәтижесінде анықталған бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылданып, заңсыз қабылданған актілердің күші жойылды. Талдау материалдары Әдеп жөніндегі кеңестің отырысында қаралып, оның қорытындысы бойынша жауапты басшыларға мұндай құқықбұзушылықтарға жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдау жөнінде ұсынымдар берілді.