Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күні аталып өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сыртқы істер министрлігінде Қазақстан Республикасының Дипломатиялық қызметі күніне арналған салтанатты жиын өтті.
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу сыртқы саяси ведомствоның ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, дипломатия бүгінгі таңда мемлекеттік қызметтің ажырамас бөлігіне айналып, еліміздің халықаралық күн тәртібін ілгерілету мен ұлттық мүдделерді қорғауда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.
«Қарқынды өзгерістер жағдайында Қазақстан жауапты мемлекет және жаһандық әрі өңірлік үдерістерге белсенді қатысушы ретінде беделін нығайтуды жалғастыруда. Бұл – дипломаттардың жанқиярлық және тынымсыз еңбегінің нәтижесі» Мұрат Нұртілеу
Министр еліміздің теңгерімді сыртқы саясаты мен дипломаттардың күш-жігерінің арқасында Қазақстан Орта держава ретінде өз ұстанымын бекемдеп, ынтымақтастық географиясын кеңейтіп, халықаралық аренадағы саяси салмағын арттырғанына назар аударды. Ол соңғы айларда Еуропа мен Азия елдері көшбасшыларының қатысуымен ауқымды саммиттер, Астана халықаралық форумы және басқа да ірі іс-шаралар өткенін, бұл Қазақстанның сенімді серіктес әрі маңызды өңірлік актор ретіндегі мәртебесін тағы да растағанын атап көрсетті.
М.Нұртілеу өз сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен сыртқы саяси бағытты іс жүзіне асыруға министрлік пен шет елдердегі ҚР мекемелері ұжымының қосқан үлесін атап өтті.
Дипломатиялық қызмет күніне орай министрліктің бірқатар ардагері мен қызметкерлері мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Осы күні Алматыда СІМ Өкілдігінің қызметкерлері мен бұл қалада тұратын дипломатиялық қызмет ардагерлеріне арналған құттықтау рәсімі өтті. Салтанатты жиын барысында ведомство басшылығы атынан ел мүддесін халықаралық аренада қорғауға сүбелі үлес қосқан аға буын дипломаттарына шынайы алғыс білдірілді.