Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Үнзила Шапақ пен Тілектес Адамбеков ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5516 және 5451 әскери бөлімдеріне жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.
Халық қалаулылары бөлімдердің инфрақұрылымымен жан-жақты танысып, казарма, асхана, монша, санитарлық-гигиеналық нысандарды аралап көрді. Сапардың басты мақсаты – әскери қызметшілердің күнделікті қызметі мен тұрмыс жағдайын өз көздерімен көру, олардың ұсыныс-тілектері мен көтерген мәселелерін тыңдау болды.
Кездесу барысында Үнзила Шапаққызы мен Тілектес Серікбайұлы сарбаздармен еркін форматта ашық әңгіме өткізіп, олардың әскери қызмет жайлы пікірін, ұсыныстарын және алдағы жоспарларын тыңдады. Жас жауынгерлер де өз кезегінде алғашқы әсерлерімен бөлісіп, туған-туыс пен қоғам алдындағы жауапкершілікті ерекше сезінетіндерін айтты.
Жеке құраммен кездесуде депутаттар елімізде қорғаныс саласына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау шараларын, сондай-ақ әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған заңнамалық бастамалар мен алдағы реформалар туралы сөз қозғады.
Үнзила Шапақ құқықтық тәртіп әскерлерінің мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызды рөлін ерекше атап өтіп, офицерлер мен сарбаздарға қызметте сәттілік тіледі.
Сапар соңында Мәжіліс депутаттары әскери қызметшілерге адал қызметі мен жоғары тәртіп деңгейі үшін алғыс білдірді.