Астаналық зейнеткерлер Астана күніне орай шахматтан сайыс өткізді

1331
Фотосурет: Gov

Елорда күніне орай Астананың жаңадан ашылған Сарайшық ауданында зейнеткерлер шахматтан рапид сайысы бойынша сынға түсті, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.

Бұл шахмат бәсекесінде жеңімпаздар швейцариялық жүйе бойынша анықталады, деп хабарлайды DKnews.kz.

«Астанадағы әр ауданда «Белсенді өмір сүру орталығы» бар. Жоспарға сәйкес, әр спорт түрінен тұрақты түрде жарыстар ұйымдастырамыз. Зейнеттегі кісілер бір емес, бірнеше спортты да қатар алып жүріп, біршама жетістіктерге қол жеткізді. Бүгін шахматты таңдадық. Орталықтың мүшелері республикалық деңгейдегі Senate Open турнирінің финалдық кезеңіне дейін жетіп жатады. Сондықтан бас жүлдеге деген талас өте жоғары. Бұдан бөлек, велошеру, жүгіру, скандинавиялық жүру және т.б. спорттарды да ұйымдастырамыз. Жалпы Астана тұрғындары салауатты өмір салтын қатты ұстанады», – деді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысының орынбасары Ержігіт Өсербай.

Турнирдің мақсаты – ардагерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап және зияткерлік спорт түрлеріне деген қызығушылықты арттыру.

«Өзім 81 жастамын. Әйтсе де 2013 жылдан бері «Ақсақалдар кеңесін» құруға атсалысып, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ жарыстарын мүлдем қалдырмай, белсенді түрде қатысып келемін. Тек қатысушы ретінде ғана емес, ұйымдастырушылардың арасында да жүремін. Зейнеткерлерге назар аударатын, ұдайы көңіл бөлетін қала әкімдігіне алғысымды айтамын», – деп жарыс қатысушысы Мәжит Бекежанов ойын бөлісті.

Ойын қорытындысы бойынша, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, алғысхатпен марапатталды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -