Құрчатовта Қазақстанның ядролық кластерінің болашағы талқыланды

1287
Фотосурет: Gov

2025 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Абай облысы Курчатов қаласында орналасқан Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығына (ҚР ҰЯО) жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Сапар барысында ҚР ҰЯО басшылығы мен жетекші мамандарының қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Кеңесте орталықтың стратегиялық бағыттары бойынша жүзеге асырылып жатқан ғылыми-техникалық жобалардың өзекті жай-күйі мен негізгі нәтижелері ұсынылды. Ядролық және радиациялық қауіпсіздік, материалтану, радиоактивті қалдықтарды басқару салаларындағы қолданбалы зерттеулерге, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастық перспективаларына ерекше назар аударылды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Қазақстанда толыққанды ядролық кластер қалыптастыру жөніндегі тапсырмалары аясында орталықтың зерттеу инфрақұрылымын және кадрлық әлеуетін одан әрі дамыту жоспарлары талқыланды. Кеңес қорытындысы бойынша, орталықтың бар ғылыми-технологиялық әлеуетін азаматтық сектор мен индустриялық жобалардың мүддесіне пайдалану аясын кеңейту бойынша ұсынымдар әзірленді.

Сапар аясында Агенттік төрағасы ҚР ҰЯО-ның бірегей ғылыми-эксперименттік базасымен танысты. Орталықта қазіргі таңда әлемдік деңгейдегі зерттеулер жүргізілетін ядролық зерттеу қондырғылары, радиациялық стендтер мен заманауи зертханалар бар. Ұлттық ядролық технологиялар жүйесіндегі орталықтың ғылыми платформасы – негізгі буын ретінде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының технологиялық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызы ерекше атап өтілді.

Сапар қорытындысы бойынша атом ғылымы мен техникасының басым бағыттарын іске асыру, сондай-ақ Агенттік пен ҚР ҰЯО арасындағы өзара іс-қимылды нығайту бойынша күш-жігерді одан әрі үйлестіру жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -