Мүгедектігі бар балаларды оңалту жобасы Қазақстанның 4 өңірін қамтыды

1804
Фотосурет: Gov

Шымкентте өткен дөңгелек үстел барысында инновациялық техникалық құралдарды пайдалана отырып мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оңалту бойынша пилоттық жобаны іске асырудың аралық қорытындысы шығарылды. Іс-шара барысында 239 баланың қозғалыс дағдыларын дамытудағы оң динамикасы атап өтілді, бұл жобаға қатысушылардың жалпы санының 75% құрайды, деп хабарлайды DKnews.kz.

Дөңгелек үстелге ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай, Еңбек министрлігінің, қала әкімдігінің, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының, Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығының (бұдан әрі – ҰҒО) өкілдері, пилоттық жобаны жүзеге асыруға атсалысқан ата-аналар мен балалар қатысты.

«Бұл жобаның мақсаты – жай ғана техникалық қолдау емес, әрбір пайдаланушыға жеке көзқарас арқылы белсенді әрі қанағаттанарлық өмір сүру жағдайын жасау. Лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз етудің ең маңызды шарты техникалық оңалту құралдарымен сапалы және уақтылы қамтамасыз ету ғана емес, сонымен қатар баланың қажеттіліктерін, оның талаптарын бағалау және қажетті оңалту құралдарын дұрыс таңдау болып табылады», - деп атап өтті Виктория Шегай кездесуді аша отырып.

Жоба Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, «Қазақстан халқына» ҚҚ және ҰҒО арасындағы үшжақты меморандум негізінде 2024 жылдың қыркүйегінен бастап төрт аймақта: Шымкент қ., Қызылорда, Павлодар облыстары және Абай облысында жүзеге асырылуда. Ол үш жылға есептелген.

Бүгінгі күні 363 мүмкіндігі шектеулі бала жеке таңдалған инновациялық техникалық оңалту құралдарын (бұдан әрі – ИТОҚ) қолдануда. 2025 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша барлығы 400 ИТОҚ, оның ішінде – көпфункционалды орындықтар, вертикализаторлар, тірек арбалары мен тренажерлар қолданысқа берілді.

Қозғалыс дағдыларының дамуындағы оң динамика 239 балада (75%) тіркелді:

  • 75 бала бастарын тік ұстауды үйренді;
  • 43 – өз бетінше отыру;
  • 40 – тірек құралдары арқылы тұру;
  • 22 – тірек құралдары арқылы жүру;
  • 11 – өз бетінше жүру.

Шымкентте жобаға 152 бала қатысты. Олардың 84-і дамудың оң динамикасын көрсетті, оның ішінде 9 бала тірек құралдары арқылы жүрсе, тағы 9 бала өз бетімен жүре бастады.

Жобаның тиімділігі сандық оңалту күнделігін, мобильді қосымшаны, іс-шараларды бақылауға арналған «Socium» платформасын, сондай-ақ ҰҒО мамандары әзірлеген бейімделген жағдайды бағалау шкаласын енгізу арқылы қамтамасыз етіледі.

Дөңгелек үстелге қатысушылар балаларымен үйде күнделікті жұмыс жасайтын ата-аналарға ерекше назар аударды. Олардың қатысуы жетістікке жетудің негізгі факторына айналды.

Іс-шараның шарықтау шегі қозғалыс функцияларын қалпына келтіруде айтарлықтай жетістіктерге жеткен балалар қатысқан әсерлі ұлттық «Тұсау кесу» рәсімі болды. Символикалық тұрғыда жасалған жүріп кетуге жол ашу – болашаққа сенімді қадамдар үшін бата алу арқылы тура мағынаға ие болды: бұрын жүрмеген балалар ИТОҚ-мен ұзақ және тынымсыз жұмыстан кейін алғашқы қадамдарын жасады.

Виктория Шегай «Қазақстан халқына» фондына және пилоттық өңірлердің әкімдіктеріне тиімді ынтымақтастық үшін алғыс білдірді.

«Біз бұл нәтижелерге бірлескен күш-жігердің арқасында қол жеткіздік. Инклюзивті саясат тұжырымдамасы аясында инклюзивті тәсілдерді дамыту, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту және олардың қоғамға толық ықпалдасуына жағдай жасау жұмыстары жалғасатын болады», – деді вице-министр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -