Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының Щучинск қаласында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысты. Мемлекет басшысы жас сарбаздарды құттықтап, елдің болашағы білімді, батыл әрі отаншыл жастардың қолында екенін айтты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Биылғы «Айбын-2026» жиынына Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысты.

Президент жастардың ел дамуындағы рөлін атап өтті
Қасым-Жомарт Тоқаев әскери-патриоттық жиынның өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі маңызына тоқталды.

«Байрақты бәсекеде еліміздің ең мықты, ең жігерлі жас сарбаздары лайықты өнер көрсетті. Сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген достас, бауырлас мемлекеттердің жастары бақ сынады. Бүгін мен бәріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Дүбірлі дода еліміз үшін шын мәнінде аса маңызды кезеңде өтіп жатыр. Наурыз айында Қазақстанның жаңа Конституциясы қабылданды. Бұл – мемлекетіміздің келешегін айқындайтын, ұлтымыздың тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұтас жұртымыздың арман-мұратын тоғыстырған Ата заң, ең алдымен, өскелең ұрпақтың игілігі үшін қабылданды. Кез келген елдің болашағы – өздеріңіз секілді отаншыл, білімді, еңбекқор, жасампаз және батыл жастардың қолында. Қазақстанның беделін арттырып, көшін алға бастайтын да – жалынды жастар! Мен сіздерге зор үміт артамын!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент жаңа Конституцияның маңызына тоқталды
Мемлекет басшысы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция заңды күшіне енетінін еске салды.

Ол жаңа Ата заң мемлекеттік және қоғамдық институттарды жаңғыртуға негіз болатынын айтты.
«Жаңа Конституция барлық мемлекеттік және қоғамдық институттардың жаңғыруына негіз қалады. Мұндай күрделі өзгерістер еліміздің 35 жылдық тарихында да, одан бұрын да болған емес. Яғни Қазақстан сапалы ғылым негізінде өркендеу мен технологиялық өрлеу жолына түсті. Дегенмен қоғам бір мақсатқа жұмылып, ынтымақ-бірлік танытпаса, кез келген, тіпті мұқият сараланған мемлекеттік жоспардың өзі қағаз жүзінде қалады. Туған жерге – Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге ұмтылатын білімді, ерік-жігері мол отаншыл жастар елімізді көркейтеді. Негізгі заңның түпкі мәні де осыдан көрінеді: Конституция шын мәнінде барлық парасатты және жасампаз күштерді, нағыз патриоттарды еліміздің стратегиялық бағдарының, яғни, реформалардың жалпыұлттық жоспары мен мақсаттары төңірегіне біріктіретін берік тұғырнама іспеттес. Жаңа Конституциямыз – барша халықтың, әсіресе, өскелең ұрпақтың адамгершілік және құқықтық бағдары, өмір жолындағы темірқазығы. Осы бағыттан айнымасақ, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаймыз, азаматтарымыз заң мен ел мүддесіне құрметпен қарайтын лайықты өмірге қол жеткізеді», – деді Президент.
Әскерді жаңғыртуға цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект енгізілуде
Президент қазіргі таңда Қарулы күштерді жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын айтты.

Оның сөзінше:
- армияға цифрлық технологиялар енгізілуде;
- жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылып жатыр;
- әскери даярлықтың озық стандарттары енгізілуде;
- кәсіби әскери кадрларды даярлау күшейтілуде.
«Патриот болу дегеніміз – мемлекеттің саясаты мен стратегиясын іс жүзінде қолдау, ел игілігіне үлес қосу, туған жердің тағдыры үшін жауапкершілік алу. Осы қасиетті борыштың қатарында Отан қорғау ерекше, киелі парыз саналады. Әскери қызмет – азаматтықтың белгісі әрі қастерлі конституциялық міндет. Біз Қарулы күштерді дәйекті түрде жаңғыртуды қолға алдық. Армияға және әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологиялар, жасанды интеллект пен даярлықтың озық стандарттары белсенді түрде енгізілуде. Бұл – заман талабы», – деді Мемлекет басшысы.
«Жас сарбаз» қозғалысында 280 мыңнан астам жас бар
Президент әскери-патриоттық тәрбиедегі «Жас сарбаз» қозғалысының рөлін ерекше атап өтті.
Қазіргі таңда ұйым құрамында:
- 280 мыңнан астам мектеп оқушысы;
- колледж және жоғары оқу орындарының студенттері бар.
Президент әскери-патриоттық ұйымдарда тәрбиеленген жастардың көбі әскери қызметті, құқық қорғау органдарын және ұлттық қауіпсіздік саласын таңдайтынын айтты.
Сонымен қатар ол Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзербайжаннан келген қатысушыларға халықаралық ынтымақтастықты қолдағаны үшін алғыс білдірді.

«Айбын» патриотизм мектебіне айналды
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, халықаралық әскери-патриоттық жиын мыңдаған жасты біріктірген маңызды алаңға айналды.

«Мемлекет басшысы аталған ауқымды жоба осы жылдар аралығында нағыз патриотизм мектебіне айналғанын, мыңнан аса жігіттер мен қыздарды бір тудың астына біріктіргенін айтты. Жастар мұнда әділ бәсекеге түсіп, темірдей тәртіптің не екенін біледі. Қысылтаяңда бір-біріне қол ұшын созуға және командада жұмыс істеуге үйренеді. Жарыстар тек физикалық төзімділік пен күшті ғана сынап қоймайды, ақыл-ой ұшқырлығын, тапқырлық пен шығармашылық қабілетті де шыңдайды. Сондықтан «Айбын» жиынының ең басты миссиясы – Қарулы күштер қатарында кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалды элита қалыптастыру. Мұндай кездесулер халықаралық ынтымақтастықты нығайтады. Өзара тілеулeстікті күшейтіп, халықтарымыз арасындағы достық, бірлік және түсіністік қағидаттарының беки түсуіне септігін тигізеді», – деді Президент.
Президент жеңімпаздарды құттықтады
Жиын соңында Мемлекет басшысы барлық қатысушыға сәттілік тілеп, жеңімпаз командаларды құттықтады.

«Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының «Ерлік – елдің қасиеті» деген қанатты сөзі бар. Елге қызмет білімге ұмтылудан, қоршаған ортаға қамқор болудан, келешек алдындағы жауапкершілікті терең сезінуден басталады. Сондықтан әрбір Отан қорғаушы азамат көзі ашық, көкірегі ояу, елге жанашыр, антқа адал, талапты әрі табанды болуға тиіс. Осы күндері сіздер нағыз достық пен өзара құрметтің, ұйымшылдық пен мызғымас бірліктің жарқын үлгісін көрсеттіңіздер. Жарайсыздар! Жеңімпаз болған командаларды шын жүректен құттықтаймын! Рухты жастардың осылай бір алаңда бас қосып, тәжірибе алмасуы мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастық пен сенімді нығайта түсері сөзсіз. Әр сарбаздың айбыны асқақ болсын! Баршаңызға сәттілік тілеймін! Қасиетті Отанымыз – Қазақстанның аспаны ашық, болашағы жарқын болсын!», – деп түйіндеді сөзін Президент.
Бұл не үшін маңызды?

«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны жастардың патриоттық тәрбиесін күшейтіп қана қоймай, әскери қызметтің беделін арттыруға және халықаралық жастар ынтымақтастығын дамытуға ықпал етеді. Президенттің жаңа Конституция, цифрлық армия және жасанды интеллектті енгізу туралы мәлімдемелері еліміздің қорғаныс саласын жаңғырту мен жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға басымдық беріліп отырғанын көрсетті.
