Қазақстан сүт өнімдерінің импортын азайтып, ет экспортын арттырып жатыр

1375
Фотосурет: tverreg.ru

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында соңғы жылдары мал шаруашылығы негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамиканы көрсетіп отырғанын баяндады.

Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес министрлік саланы дамытуға бағытталған жүйелі шараларды қабылдауда, деп хабарлайды DKnews.kz.

UKIMET

«Соңғы жылдары мал шаруашылығы саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тұрақты өсім мен оң динамиканы көрсетуде. Ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің шамамен 40%-ы осы салаға тиесілі. Биыл 5 айдың қорытындысы бойынша саладағы өндіріс көлемінің өсімі 104,2%-ды құрады. Бұл өсім сойыс салмақтағы еттің көлемін 3%-ға, сиыр сүтін 7,5%-ға ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді. Ет өндіру көлемі бойынша ең жоғары көрсеткіштерге Алматы, Ақмола облыстары, ал сүт өндірісі бойынша – Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары қол жеткізді. Ауыл шаруашылығы жануарларының барлық түрлері бойынша мал басы тұрақты өсуде. Жыл басынан ірі қара мал басы 23,4%-ға артты, ұсақ мал – 7,8%-ға, жылқы – 12,2%-ға, түйе – 8,5%-ға, құс – 2,2%-ға өсті» Айдарбек Сапаров 

Министрдің сөзінше өндіріліп жатқан өнім көлемі ішкі нарықты сиыр және қой етімен толық қамтамасыз етуге, сондай-ақ экспорт көлемін арттыруға мүмкіндік береді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша сиыр еті экспорты 1,4 есеге артып, 22 мың тоннадан асса, қой еті – 2,2 есеге өсіп, шамамен 18 мың тоннаны құраған.

Жыл басынан өңделген мал шаруашылығында өңделген өнімдері өндірісі артқан. Оның ішінде шұжық өнімдері – 11%-ға, ет консервілері – 28%-ға, салқындатылған және мұздатылған қосалқы өнімдер тиісінше 42% және 47%-ға өскен.

Алайда, жекелеген өнім түрлері бойынша импортқа тәуелділік мәселесі әлі де өзекті. Осыған байланысты саланың бірқалыпты дамуын қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шара іске асырылуда.

«Мал шаруашылығының ет бағыты бойынша асыл тұқымды ІҚМ және ҰҚМ сатып алуға жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы іске қосылады. Жылдық мөлшерлемесі 5%-дан аспайтын «ұзақмерзімді» несиелер ұсынылады. Қаржыландыруға деген қажеттілік – 50 млрд теңге. Сол көлемде – 50 млрд теңге – айналым қаражатын қаржыландыру бағдарламасы да іске қосылады. Жылдық мөлшерлеме 5%-дан аспайды. Сүт өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті азайту мақсатында министрлік қазіргі заманғы сүт фермаларын салуды 2,5%  жылдық мөлшерлемемен СҚО тәжірибесін кеңейту бағдарламасы аясында қаржыландыруда»  Айдарбек Сапаров 

 2019 жылы мұндай фермалар саны небәрі 19 болса, бағдарлама аясында қосымша 116 сүт-тауарлы ферманы салу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 69-ы іске қосылып, қалған 47-сі түрлі дайындық сатысында.

Ведомство басшысының баяндауынша бағдарламаның импортты алмастыру мақсатындағы маңыздылығын ескере отырып, облыс әкімдіктері барлық нысандарды уақытылы пайдалануға беруді қамтамасыз етуі қажет. Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесін тарату бағдарламасына әлеуетті қатысушылардың бірі — етті мал шаруашылығында австралиялық тәжірибені енгізу жобалары. Бұл жобалардың жүзеге асырылуы жылына 50 мың тоннаға дейін ет экспорттауға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығы министрінің сөзінше австралиялық тәжірибе негізінде жүзеге асырылатын 14 жобаға 29,3 млрд теңге қарастырылған. Мал шаруашылығының өзге де бағыттары назардан тыс қалған жоқ. Мысалы, соңғы 5 жылда құс еті өндірісін ұлғайту есебінен құс шаруашылығы саласындағы өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі 58%-дан 80%-ға дейін артқан. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш толық өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейіне жетеді.

Мал шаруашылығын кешенді дамыту үшін өндіріс көлемін ғана емес, сонымен қатар саланың қосылған құнын арттыру да маңызды.
Осы бағытта тері мен жүнді өңдеу жобалары іске асырылуда. Атап айтқанда, Ақтөбе облысындағы «КАФЕЛТЕК» ЖШС жүннен жылу оқшаулағыш материалдар өндіру жобасын жүзеге асыруда, ал Алматы қаласында «Iskefe Holding» ЖШС ауыл шаруашылығы жануарларының терісінен желатин өндіру жобасын іске асыруда.

Сондай-ақ тері мен жүнге салынатын экспорттық кедендік баж салығы алынып тасталды. Бүгінде тері мен жүн экспорттайтын 15 кәсіпорын жұмысын қайта бастады. Бұл қабылданған шаралардың сұранысқа ие екенін көрсетеді.

Министрлік алдағы қысқы кезеңге дайындық аясында мал азығын дайындау мәселесін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бүгінгі таңда өңірлерде 6,3 млн тонна шөп немесе жоспардың 26%-ы, 487 мың тонна сүрлем немесе 29%-ы дайындалды. Өңірлер бұл бағыттағы жұмыстарын сапалы түрде жалғастыруы қажет.

Сонымен қатар министр мал шаруашылығын дамыту ветеринариялық қауіпсіздікпен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Оның сөзінше Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ветеринариялық қызметті жаңғырту және биоқауіпсіздікті күшейту бойынша жүйелі шаралар қабылдануда. Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде соңғы үш жылда жануарлардың аурушаңдығы 49%-ға, ал ағымдағы жылы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 56%-ға төмендеген.

«Қол жеткізілген эпизоотиялық қолайлылықтың арқасында мәртебелері қалпына келтірілді. Қытай Халық Республикасы құс тұмауы мен аусылға қатысты уақытша шектеулерді алып тастады, Ресей Федерациясы да оңтүстік-шығыс аймақтардағы аусылға байланысты шектеулерді жойды. Бүгінде Еуропа елдерінің тізілімінде 62 қазақстандық кәсіпорын тіркелген. Биыл Қазақстан ЕО елдеріне бал экспорттауға ресми рұқсат алды. Сондай-ақ аквакультура, жылқы еті және сүт өнімдерін экспорттауға жол ашу бағытында жұмыс жүргізілуде. Қытайға өнім экспорттайтын кәсіпорындар тізілімінде 2 649 қазақстандық кәсіпорын бар. 2025 жылы Қытаймен құс етіне қатысты ветеринариялық талаптарды белгілейтін хаттамаға қол қойылды»  Айдарбек Сапаров 

Сонымен қатар Грузиямен және Иранмен ветеринариялық сертификаттарға қол қойылды. Түркия, Ауғанстан және Пәкістанмен нарықтарды кеңейту бойынша келіссөздер жалғасуда. Толыққанды биоқауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ветеринариялық қызметтің материалдық-техникалық базасының тозуы мен жетіспеушілігі, ветеринариялық қызметкерлердің еңбекақысының төмендігі және импорттық-экспорттық операцияларды сүйемелдеу жүйесінің толық цифрландырылмауы сынды мәселелерді шешу қажет.

Министрдің мәліметінше ауылдық аудандардағы 206 ветеринариялық стансаның 77-сінің меншікті ғимараты жоқ. Мысалы, Абай облысында 10 аудан орталығының тек үшеуінде ғана меншікті ғимарат бар. Осындай жағдай Шығыс Қазақстан, Атырау, Ақмола және Маңғыстау облыстарында да байқалады.

Одан да өзекті мәселе – ветеринариялық пункттердің жағдайы. Ветпункттерде барлық ветеринариялық-алдын алу шаралары өткізіледі, олар малды өңдеуге арналған қоршаулармен және жабдықтармен қамтамасыз етілуі тиіс. Алайда, еліміздегі 2 285 ветпункттің 1 628-і немесе 71%-ы қажетті ғимаратпен қамтамасыз етілмеген. Ветеринариялық нысандарды жаңғырту және салу көрсеткіштері Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру жөніндегі Жол картасына енгізілген.

«2024 жылы Жол картасына сәйкес 107 ветеринариялық пункт салынды, ал 2025 жылы тағы 323 нысанның құрылысын аяқтау жоспарлануда. Жетісу, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарының оң тәжірибесін атап өткен жөн – бұл өңірлерде 137 ветеринариялық пункт бюджет қаражаты мен жеке инвестициялар есебінен пайдалануға берілді. Сонымен бірге Абай, Павлодар және Түркістан облыстарында бұл бағытта соңғы екі жылда жұмыс жүргізілмеген. 2024 жылы өңірлердің әкімдіктері 327 бірлік арнайы техника сатып алды, 2025 жылы 346 бірлік техника сатып алынуда. Абай және Ұлытау облыстары бұл мақсатқа қаржы бөлмеген»  Айдарбек Сапаров 

Министрлік ветеринариялық зертханалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша да жұмыстар жүргізуде. 2024 жылы 9 бірлік сұйықтық хроматографы сатып алынды. Аталған жабдық бақылауға жататын заттар санын 5-тен 70-ке дейін бірнеше есе арттыруға мүмкіндік береді. Зертханалық базаны одан әрі нығайту үшін 54 бірлік зертханалық жабдық сатып алу қажет. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында ҚР мен ҚХР арасындағы келісім аясында $1,5 млн-ға 99 бірлік жабдықты жеткізді. Лаборатория отандық өндірушілерге өнімді Қытайға кедергісіз экспорттауға мүмкіндік береді.

Қазақстан шекарасында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 64 ветеринариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Жыл басынан бері 28,5 мың көлік тексеріліп, 547 көлік ветеринариялық-санитариялық талаптарды бұзғаны үшін кері қайтарылып, айыппұлдар салынған. Алайда, ЕАЭО елдерімен шекарадағы сыртында орналасқан, бұл жүктерді тоқтату мен бақылау жасауды қиындатады.

Импортталатын жүктердің ветеринариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін  бақылау бекеттері өткізу пункттерінің алаңына орналастырып,  Мемлекеттік кірістер комитетінің Кеден қызметі және ҰҚК Шекара қызметінің ақпараттық жүйелерімен интеграцияны қамтамасыз ету қажет. 2022 жылдан бастап мал есебін жүргізу үдерістері цифрлық форматқа көшірілуде. Ауыл шаруашылығының барлық ақпараттық жүйелерін біріктіретін «Е-АӨК» платформасы әзірленуде. 

Министрлік ауыл шаруашылығы жануарларының бүкіл өмірлік циклін автоматтандыруды ИСЖ базасында 7 қосымша сервис арқылы жүйелі түрде жүзеге асыруда. Әрбір жануарға жеке нөмір беріледі, барлық деректер мен ветеринариялық рәсімдер тіркеледі. Фермерлер мен ветеринарлар электрондық сервистерді пайдалану арқылы уақытты үнемдеп, қателік қаупін азайтады.

Алайда, аталған шаралар тек мал иелері тарапынан жануарларды толық және адал есепке алу жағдайында ғана іске асады. Осыған байланысты ауыл шаруашылығы жануарларын тіркеуді бақылауды күшейту, сондай-ақ жеткізушілер мен ветеринариялық құжаттарсыз өнім сатып алушыларға қатысты жауапкершілікті қылмыстық жауапкершілікке дейін қатаңдату қажет.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -