Astana Hub пен Google for Startups бірлесіп жүзеге асыратын халықаралық акселерациялық бағдарламаның алтыншы легінде 15 стартап финалға өтті, деп хабарлайды DKnews.kz.
Сараптамалық комиссия көпсатылы іріктеу нәтижесінде 200-ге жуық өтінімнің ішінен әлеуеті жоғары командаларды таңдап алды.
Финалдық тізімге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Моңғолиядан келген технологиялық стартаптар енді. Барлық жоба PMF немесе Scale кезеңінде, олар жасанды интеллект, финтех, білім беру, логистика, e-commerce, медицина және бизнес басқару салаларында нақты шешімдер ұсынып отыр.
«Сегіз жыл ішінде әлемдегі алдыңғы қатарлы стартап-экожүйелердің бірін құрдық. Бүгін халықаралық акселерацияның жаңа легін бастаймыз. Бұл жолы оған алты елдің стартаптары енді және бұл тек бастамасы ғана. Silkway Accelerator бағдарламасы іске қосылған үш жыл ішінде Орталық Еуразия елдерінен 1500-ге жуық өтінім қабылданды, олардың ішінен 77 стартап іріктеуден өтті, ал 62-сі бағдарламаны сәтті аяқтады. Бұл стартаптар 28 миллион доллардан астам инвестиция тартып, жалпы нарықтық бағалауы 500 миллион доллардан асты. Бұл – өңіріміздің жаһандық деңгейде бәсекелесе алатынының айқын дәлелі» Astana Hub бас директоры Мағжан Мадиев
Финалистердің қатарында: e-commerce үшін 3D және AR контент генерациялайтын платформа Tryverse (Әзербайжан); тапсырыстан бастап жеткізуге дейінгі тігін өндірісін басқаруға арналған цифрлық жүйе Booster (Қырғызстан); логистика, энергетика, агросектор және smart city бағыттарына арналған IoT+AI платформасы мен құрылғылары Steppe AI (Моңғолия); жүргізуші жалдау және жарнамалық кузовтар арендасын делдалсыз жүзеге асыратын логистикалық қосымша Marjan (Өзбекстан); мемлекеттік органдарға арналған жасанды интеллект шешімдері: болжамдар, аномалияларды анықтау және процестерді автоматтандыруға арналған epsilon3.ai (Тәжікстан).
Қазақстан атынан бұл лекте 10 стартап қатысып жатыр. Олардың қатарында, әлеуметтік желілерге арналған видеомаркетингті масштабтауға мүмкіндік беретін AI-сервис Messiah, ол контентті бейімдеп, автоматты түрде жариялайды; жаңа буындағы әлеуметтік-брокерлік инвестициялық платформа Paidax; емтиханға дайындыққа арналған EdTech-сервис Daryn.online; жасанды интеллект функциялары бар ақылды стоматологиялық CRM жүйесі MacDent AI; HoReCa және ритейл салаларындағы шағын және орта бизнесті автоматтандыруға арналған ERP платформа ROSTA; чаттар мен қоңыраулар арқылы сату процесін автоматтандыруға арналған AI құрал on.ai; медициналық және спорттық мақсаттағы сенсорлық AI-ұлтарақтар Mirai Tech; ағылшын тілін жасанды интеллект негізінде сөйлесу симуляциясы арқылы үйрететін EdTech өнім Playlish; терең талдау мен маркетингтік зерттеулерге арналған AI платформасы pwron.ai; жалға беру бизнесін бір жүйеде басқаруға арналған SaaS шешім және маркетплейс Yume.
Astana Hub-та өткен дәстүрлі Opening Day іс-шарасына Google for Startups және Developer Relations жетекшісі Рамеш Чандер, бағдарлама трекерлері Евгений Фролов пен Ник Тян, сондай-ақ қазақстандық IT-қауымдастық пен венчурлік инвесторлар қатысты. Қатысушылар өз шешімдерін таныстырып, акселерациялық кезеңдегі мақсаттарын және жаһандық нарықтарға шығу жоспарларын ортаға салды.
«Орталық Азия, Әзербайжан және Моңғолия – өзіндік технологиялық серпінге ие аймақтар. Біз, Google компаниясы, осы даму жолын қолдап, Astana Hub-пен әріптестікті мақтан тұтамыз. Silkway Accelerator бағдарламасы аясында әлемді өзгертетін стартаптар дүниеге келіп жатыр. Жаңа лек қатысушылары – батыл ойлайтын, жоғары сапада жүзеге асыратын және тұтас салаларды түрлендіре алатын командалар. Мұнда денсаулық сақтау, финтех, жасанды интеллект және басқа да салаларда алдыңғы қатарлы шешімдер бар. Осы сапардың бір бөлігі болғаныма қуаныштымын және алда қандай өнімдер жасалатынын асыға күтемін» Рамеш Чандер
Үш ай көлемінде қатысушылар Астанада офлайн форматта акселерациядан өтеді. Бағдарлама шеңберінде қарқынды трекинг, халықаралық сарапшылар тарапынан менторлық қолдау, гипотезаларды тексеруге көмек, өнімдік және бизнес метрикаларды дамыту, халықаралық нетворкинг, тегін кеңсе және коливингте тұру мүмкіндігі қарастырылған. Барлық команда Astana Hub Ventures қорынан инвестиция алуға үміткер бола алады.
Айта кетерлігі, Digital Bridge 2025 халықаралық форумындағы Demo Day барысында Silkway Accelerator бағдарламасының қорытындысы шығарылады. Бұл күні стартаптар өз жетістіктерін инвесторларға, корпорацияларға және жаһандық технологиялық экожүйе өкілдеріне таныстырады.